2009 жылы елордада болған өрттердің 70 пайызы тұрғын үй секторларынан шықты - В. Зайцев

АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен жылы Астана қаласында болған өрттердің 70 пайызы тұрғын үй секторларынан шықты.
None
None

Бұл туралы бүгін 2009 жылдың қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Валерий Зайцев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

В.Зайцевтың атап көрсеткеніндей, мұның басты себебі - Астана қаласында тұрғын үй ретінде қолданылып отырған саяжайлар мен соған лайықталған вагондар санының ұдайы артуында. «Ондай тұрғын жерлерде ереже бұзушылықтармен пештер салынып, жылытқыштар қолданылады. Әрбір саяжай үйін аралап тексеріп шығу мүмкін емес, ал «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңға сәйкес біздің тексеріс жүргізуге тіпті құқымыз жоқ», - деді ол.

Өткен жылы өртті қадағалау инспекторлары саяжай қоғамдастықтарындағы 22 мың үйге өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша нұсқаулықтар таратқан.

Сондай-ақ В.Зайцевтың айтуынша, 2009 жылы орын алған 600-ден астам өрттің 90-нан астамы автокөліктердің үлесінде (2008 жылы - 89). Оның басты себебі - көліктердің электр құралдарының қысқа тұйықталуында, тозығы жеткен шетелдік көліктердің көптеп жеткізілуінде.

Айта кетейік, өткен жылы тілсіз жау 35 адамның өмірін қиды. 2008 жылмен салыстырғанда (514) өрт оқиғалары 130-ға (644) немесе 27 пайызға, адам өлімі 28-ге немесе 5 есеге артты. Жүргізілген талдау нәтижелері көрсетіп отырғандай, оқиғалардың басым дені - дұрыс жүргізілмеген монтаж жұмыстары мен электр құрылғыларының салдарынан болған. Ал құрбан болған адамдардың 24-і - жанған материалдардың көмірқышқыл газына уланған.

2009 жылғы қарашаның 9-ы күні Астана индустриялдық паркінің көкөніс сақтау базасының 11 мың шаршы метр аумағында болған ірі өртте 15 адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар