2009 жылы Көлік және коммуникация министрлігінің мемлекеттік сатып алуларының көлемі 64 млрд. теңгені құрайды

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - 2009 жылы Көлік және коммуникация министрлігінің мемлекеттік сатып алуларының көлемі 64 млрд. теңгені құрайды.
None
None
Олардың ішінде отандық өнімнің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің үлесі 90 пайыз болмақ. Бұл туралы бүгін аталмыш министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр Серік Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, саланың ағымдағы және жоспарланған жобалары бойынша барлық конкурстық құжаттамаға қолданыстағы заңнама шеңберінде қазақстандық құрауышты арттыруды ынталандыратын арнайы шарттар енгізілген. «Бұл ретте көлік-коммуникация кешені іргелес салалардың материалдары мен қызметтерін пайдаланатын ең ірі тұтынушы болып табылады. Мәселен, темір жолдың жылжымалы құрамды жаңартуға деген қажеттілігі таяудағы 10 жыл ішінде 6 млрд. АҚШ долларын құрауы мүмкін. Мұндағы қазақстандық құрауышты бірінші кезеңде 14 пайызға, ал келесі кезеңдерде оны 38 пайызға дейін жеткізуге болады», деді министр. С. Ахметов осы орайда дағдарысқа қарсы шаралар аясында сатып алуларды оңтайландыруға көңіл бөлінетінін атап көрсетті. «Біз де Ресей сияқты ұзақмерзімдік салааралық шарттар және тікелей өндірушілер мен сатып алушылардың арасындағы тікелей жеткізу жүйесін ұйымдастырып, соған көшуге тиіспіз», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңның нормаларының талаптары бойынша бұл бағыттағы кедергілер бүгінгі күні жойылған. «Сатып алулардың жаңа жүйесі қазақстандық құрауыштың ұлғаюына бағынысты болуы тиіс», деді министр.
Соңғы жаңалықтар