2009 жылы «Жазушы» баспасы 743 баспа табақ кітап шығарды

АСТАНА. Желтоқсанның 30-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Жазушы» баспасы 2009 жылы «Қазіргі қазақ поэзиясы», «Қазақтың 100 романы», «Табиғат», «Электрондық кітапхана. Балалар әдебиеті» және «Қазақстан халықтары әдебиеті» сериялары бойынша барлығы 743 баспа табақ кітап шығарды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш баспа «Әлемдік философиялық мұра» айдарымен жиырмасыншы томды оқырманға ұсынған. «Қазіргі түркі философиясы» аталатын томда тұңғыш рет қазіргі түркі халықтары көрнекті ойшылдарының іргелі еңбектері енген. Сонымен қатар қазақ философиясының мәселелері де осы томда беріліп отыр.

«Жазушы» баспасы қазақ ертегілерін кітап және бір компакт дискі түрінде шығарды. Халық ауыз әдебиетінің ерекше бір қызық та құнарлы түрі - ертегілер. Аталған дискіде «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнекей қыз» секілді небір тамаша қиял-ғажайып ертегілер қамтылған. Халқымыздың ерте дәуірдегі тұрмыс-тіршілігінен және ой-арманынан туған бұл ертегілердің тілі жеңіл, балалар үшін тәрбиелік мәні зор.

«Электрондық  кітапхана. Балалар әдебиеті» сериясының келесі бір томына Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Қамбар батыр жайындағы қаһармандық дастандар енді.

Аталмыш сериямен «Білгеннің пайдасы» деген кітап та шықты. Онда Ыбырай Алтынсариннен бастап, Болат Үсенбаев пен Марат Қабанбайға дейінгі қазақ ақын-жазушыларының балаларға арналған өлеңдері мен ертегілері, әңгімелері топтастырылған.

Ал «Қазақстан халықтары әдебиеті» сериясы бойынша ақын Сагин-Гирей Байменовтің жыр жинағы жарық көрген. Сол секілді ұйғыр халқының белгілі ақыны Жамшит Розахуновтың «Аққулар қайтқанда» кітабында кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен балладалары топтастырылған. Осы айдармен жазушы Владимир Гундаревтің   бір томдығы және Жайық өңірінің ақыны Татьяна Азовскаяның  жыр кітабы жарияланды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» повесі ұйғыр тілінде, ал үлкен тәрбиелік ойға, философиялық талғамға құрылған қазақ халқының мақал-мәтелдері өзбек тілінде аударылып, жеке кітап болып оқырманға ұсынылған.

«Мемлекеттік тапсырыс және «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 20 томдық «Әлемдік философиялық мұра», 10 томдық «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы» кітаптарын шығару ісіне 2004 жылы кіріскен баспа ұжымы аталған бағдарламаны 2009 жылы абыроймен орындады»,- дейді «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов.

Биыл 418 баспа табақ көлемінде 18 томы жарық көрген «Қазақтың 100 романы» сериясы және танымдық маңызы зор «Электронды кітапхана. Балалар әдебиеті», «Табиғат» сериялары алдағы жылы да жалғасады. Сондай-ақ, бұған дейін оннан астам кітабы жарық көріп тоқтап қалған әскери- патриоттық «Сардар» сериясы да Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай 2010 жылы өз жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар