2010 жыл Астананың тарихында алтын әріптермен жазылып қалады

АНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Қазақстан өзінің тәуелсіздік жылнамасындағы тағы бір жылды тарих еншісіне қалдырып барады. 2010 жылы елордамыз - Астана қаласы бір мүшелге толды. Халық ұғымында әр мүшел адам өмірінде қауіпті кезең ретінде саналады. Бірақ Арқа төсіндегі әсем қаламыз Астана бір мүшелге толған 2010 жыл, яғни Барыс жылы елорданың шежіресінде әлеуметтік, саяси һәм экономикалық ірі оқиғаларға және маңызды даталарға, жасампаз жетістіктер мен өнегелі істерге толы болды.

2010 жыл Астананың тарихында алтын әріптермен жазылып қалады

Астананың жетістігі - халқымыздың жетістігі болғандықтан, ықылым замандардан бері от пен жарықтың сақтаушысы, даналықтың белгісі саналатын - барыстың атымен аталатын биылғы жыл елорданың ғана емес, Қазақстан тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қалатыны сөзсіз.

Өтіп бара жатқан 2010 жыл Астананың тарихында қандай ерекшеліктерімен есте қалды? Алдымен, статистикалық көрсеткіштерге тоқталайық. Астана қаласының бюджетіне ағымдағы жылғы түсімдер 301 778,8 млн. теңгені (202 597 млн. теңге көлеміндегі трансферттерді, 9300 млн. теңге несилерді, 12549,7 млн. теңге жыл басына қалған бюджеттік қаражатты қоса алғанда) құрады, соның ішінде меншікті қаражаттар - 77 307,1 млн. теңге. Астана қаласының қаржы басқармасы ұсынған деректер бойынша, биыл бюджеттің меншікті табысы (1, 2 және 3 санаттар) 100,7 пайызға орындалды. Былтыр бұл көрсеткіш 92,5 пайызды құраған болатын. Қала бюджетінің шығыстары - 301 778,8 млн. теңгені құрады. Соның ішінде 107 332,4 млн. теңгені құраған ағымдағы бюджеттің11 994,8 млн. теңгесі - білім беруге, 3 424,2 млн. теңгесі - еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларға, 12 714,9 млн. теңгесі - денсаулық сақтауға, 4 171,7 млн. теңгесі - мәдениетке және 2 991,1 млн.теңгесі - спорт саласына жұмсалды. Сонымен бірге, абаттандыру, санитария, жарықтандыру және «Жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жөндеуге - 14 472,5 млн. теңге бағытталды. Ал 175790,6 млн. теңге көлеміндегі дамыту бюджетітолығымен инвестициялық жобаларды қаржыландыруға жұмсалды.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сәйкес, 2010 жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша Астана қаласының қорында барлығы 177 085 тонна астық пен бұршақты дақылдар бар. 0,1 мың тонна үй жануарлары мен құстар сойылды. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдардың егіс алқабы - 1,9 мың гектарды құрады. Әр гектарынан 6,4 центнерден астық пен бұршақдәнді дақылдар жиналды (соның ішінде 6,8 центнер - бидай). 1 желтоқсандағы көрсеткіш бойынша, елорданың ауыл шаруашылық құрылымдарында 1,3 мың ірі қара мал басы бар.

Сондай-ақ, Астанада 2010 жылдың қараша айына дейін 1 млн. 238 мың 171 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Екінші ірі мегаполис - Алматы қаласында бұл көрсеткіш 826 057 шаршы метрді құрады. Биылғы жылдың ІІІ тоқсанында астаналық бір тұрғынның орташа айлық жалақысы - 114 328 теңгені құрады.

Биыл Астана қаласының Индустриялды паркінде бетон және темір бетон өнімдерін шығаратын жаңа зауыт іске қосылды Италияның және Германияның озық үлгідегі жабдықтары орнатылған жаңа зауыт жылына 139 текше метр бетон және темірбетон өнімдерін шығаратын болады. Еске салайық, 2009 жылы Индустриялды паркте алғашқы жоба - «Локомотив құрастыру зауыты» жұмыс істей бастады.

2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының бірінші кезегі бойынша Астанада 5612 азамат комиссияның оң шешімін алды. Баспаналар Тілендиев даңғылы бойында салынып жатқан 20 көпқабатты тұрғын үйлерден беріледі. Таяу күндері, нақты айтқанда 29 желтоқсан күні бағдарламаның соңғы екінші кезегі бойынша құжаттарды қабылдау басталды. Оның нәтижесі бойынша тағы 2446 адам баспаналы болмақ.

Барыс жылы «100 мектеп» бағдарламасы шеңберінде 3600 балаға арналған үш мектеп іске қосылды, келесі жылы 4400 балаға есептелген тағы төрт мектеп салынатын болады. Бүгінгі күні қалада 66 мемлекеттік және 13 жекеменшік орта білім беру мекемелерінде барлығы 74 мыңға жуық бала білім алуда. Орын тапшылығы 14 мыңды құрайды. Ал «100 аурухана бағдарламасы» бойынша биыл Астанада ауруханалар іске қосылған жоқ. Есесіне, 2011 жылы ересектер (500 орын) мен балаларға (350 орын) арналған екі аурухананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

13 желтоқсан күні мәслихаттың кезекті отырысында депутаттар 565 млрд. 727 млн. теңге көлемінде елорданың алдағы 2011-2013 жылдарға арналған бюджетінің жобасын мақұлдады. Оның ішінде 246 млрд. 848 млн. теңгесін - қаланың өзіндік табысы, 275 млрд. 607 млн. - республикалық трансферттер және 43 млрд. 273 млн. теңгесін - әкімдік бюджетінің тапшылығын жабуға бөлінетін субвенциялар құрайды. Үш жылдық бюджеттен қарастырылған соманың 218 млрд. 591 млн. теңгесін - 2011 жылы, 203 млрд. 422 млн. теңгесін - 2012 және 143 млрд. 714 млн. теңгесін - 2013 жылы кәдеге жарату көзделіп отыр.

Төрткүл дүниені елең еткізген - Астана!

Өтіп бара жатқан жылда Астанада болған басты оқиға - 70-тен астам елдің басшылары мен ресми тұлғаларының бас қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті болғандығы даусыз. Мемлекеттік басқа құзырлы ведомстволар ел тарихында бұрын-соңды болып көрмеген мұндай ауқымды шараның мазмұндық бөлігімен айналысты, ал Астана әкімдігі қаланың инженерлік-коммуналдық жүйелерінің, қызмет көрсету нысандарының, көліктік тасымалдаулардың, көпшілік тамақтанатын орындар мен мәдени нысандардың ешбір кедергілерсіз, күтпеген және төтенше оқиғаларсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Саммиттің арқасында бас шаһардың қонақ үйлерінің сервисі тиісті деңгейге көтерілді, коммуналдық нысандарда қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейне бақылау жүйелері, тәжірибелі күзет пайда болды. Көшелерді тазартатын жаңа техникалар, жаңа жедел-жәрдем көліктері сатып алынды. СЭС мамандары болса, астағы улы әрі зиянды қоспаларды анықтайтын жаңа тест-жүйелермен жабдықталды. Әкімдіктің мұрындық болуымен судай жаңа 100 такси көлігі бар «Сарыарқа» компаниясы құрылды. Астана халықаралық әуежайы да сапаның тағы бір сатысына көтерілді. Мәселен, 113 арнайы техника сатып алынды, 22 ұшаққа есептелген жаңа тұрақ салынды, VIP қонақтарға арналған зал қайта жөндеуден өтіп, 1600 орынға лайықталған қонақ үйдің құрылысы аяқталды. Саммитке дайындық кезінде жиналған мол тәжірибені Астана басшысы Иманғали Тасмағамбетов ауқымы жағынан Саммиттен кем түспейтін 2011 жылы өтетін 7-Қысқы Азия ойындары кезінде пайдалануды көздеп отыр. Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 20 жылдық торқалы тойы, Қазақстанның 2011 жылы Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мен Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы аясында ұйымдастырылатын басты шаралар да елордада өтеді.

Сондай-ақ осы жылғы 5 шілдеде Ақорда төрінде ЕурАзЭҚ мемлекет басшыларының саммиті мен Қазақстан, Ресей және Беларус арасындағы Кеден одағының жоғары органы кеңесінің отырысы өтті. Алқалы жиындарға Қазақстан, Ресей, Беларус, Тәжікстан, Қырғызстан президенттері мен бақылаушы ел мәртебесіндегі Армения басшысы қатысты.

2010 жылы Астанада қала, ел үшін маңызы жоғары тағы бір басқосу өтті. Ол - ІІІ Астаналық экономикалық форумы. Жаһандық экономиканың даму мәселелері талқыланған форумға 70-тен астам елдің саяси және іскерлік тобының 3 мыңнан аса өкілі, сондай-ақ қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Олардың арасында Нобель сыйлығының лауреаттары Финн Кидланд және Роберт Ауманн, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М. Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш, Канаданың экс-премьер министрі Жан Кретьен, Еуропалық инвестициялық банктің президенті Филипп Майстатт, Азия даму банкінің вице-президенті Ж.Шаою қатысты. Форум жұмысын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Іс-шара қорытындысы бойынша ықпалдастық туралы келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Сонымен бірге, «Дағдарыстан кейінгі болжамдар Астаналық консенсус» деген атпен әлемдегі 20 алпауыт елдің басшыларының саммитіне (G 20) ашық хат дайындалды.

Ару Астананың келбетін көріктендіре түскен сәулет өнерінің жауһарлары

Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Тәуелсіздік сарайы», «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтері сияқты әлемдік сәулет өнерінің кестесінен орын алған тамаша өнер туындыларының қатары қала күні қарсаңында озық үлгідегі тағы бір нысанмен толықты. Ол - «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы. Есімі дүние жүзіне кеңінен танылған әйгілі сәулетші Норман Фостердің қиялынан туған кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президентімен бірге Түркия, Тәжікстан, Ресей, Украина, Армения президенттері және басқа да қадірлі меймандар қатысты. «Хан шатыр» СОО іске қосылмай жатып дизайны жағынан дүниежүзіндегі ең әдемі 10 нысан ретінде әлемге белгілі Forbes Style журналына енді. 7 қабаттан тұратын Орталық бір мезгілде 10 мың келушіні сыйдыра алады. Онда ауа температурасы реттеліп отыратын жабындының астында жасанды жағажай, бассейндер, фитнес орталықтары, SРА салондары мен моншалар, фастфуд және балаларға арналған ойын алаңдары, дүкендер, кино залдар және жерасты автотұрақтар бар. Металл қондырғылардың жалпы салмағы 2 300 тонна, ал тұтас тұғырға қондырылатын шатырдың биіктігі - 150 метр.

Осы жылы сондай-ақ, бір кездері журналистердің қаламынан түспей кеткен Астананың құрылысы аяқталған жерде, ашық аспан астында жатып қалған Қазақ хандығының негізін қалаушы - Керей мен Әз-Жәнібекке арналған ескерткіштің түйіні тарқатылып, қос ханның ескерткіші - ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының алдындағы алаңда орнатылды. Көп ұзамай қала әкімдігі Қазақ елін тағы бір ескерткішпен қуантты. ҚР Туризм және спорт министрлігі ғимаратының алдында кезінде Лениннің тас мүсіні тұрған жерге қазақтың маңдайына біткен кемеңгер ақыны, дана ойшылы - Абайдың ескерткіші орын тепті.

ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында «Тәуелсіздік» сарайының жанында бой көтерген дизайны ғажайып тағы бір нысан - «Шабыт» өнер үйі іске қосылды. Өнер үйінің шымылдығы ЕҚЫҰ Саммиті күндері шетелдік және отандық журналистердің жұмыс істеуіне арналған баспасөз орталығы ретінде ашылғанымен, ол Астанадағы Өнер университетінің қолданысында болады. Онда оқу сыныптарынан бөлек, үлкен және кіші концерттік залдар, көрме және мұражай бар.

Астанадағы бірегей нысандардың құрылысы барыс жылымен аяқталмайды. Бұйыртса, таяу жылдары ел игілігіне - «Абу Даби плаза» кешені, 5 мың орынға арналған «Хазіреті Сұлтан» мешіті, 1200 орындық Опера және балет театры, Тұңғыш Президенттің қоры мен кітапханасы берілетін болады.

Астана - бейбітшілік қаласы, руханият - ордасы

Бүгін де Астана елдің ішкі және сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелері талқыланатын диалог алаңына ғана емес, әлемнің дінбасылары тұрақты бас қосатын - мәдениет пен руханияттың алқалы ордасына айналды.

Осы жылдың 20 қазаны күні Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XVI сессиясы өтті. Қазақстанды өз Отаны еткен 130-дан астам ұлт өкілінің алдында дәстүр бойынша Елбасы Н.Назарбаев сөз сөйледі.

Сонымен бірге, 18-20 күндері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Бүкіләлемдік Рухани мәдениет форумы (БРМФ) өтті. Дүниежүзінде алғаш ұйымдастырылған форумға әлемнің әр түкпірінен көптеген атақты ғалымдар, саясат және қоғам қайраткерлері, мәдениет, өнер майталмандары мен әр елдің рухани көсемдері қатысты. БРМФ қатысушыларына Қазақ елінің Басшысы Жолдауын арнап, онда бүгін Астана әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтетін орынға айналғандығын, қазіргі таңда түрлі этностар мен дінге жататын адамдарды біріктіруге қабілетті рухани құндылықтарды бекіту - тұрақты күш-жігерді, әрі түрлі елдердің діни көшбасшылары, ғалымдары, мәдениет және өнер қайраткерлері тарапынан үнемі назарды қажет ететіндігін атап өтті.

Білім мен ғылымның ошағына айналған - Астана

Шілденің алғашқы күндері «Тәуелсіздік» сарайында Қазақстанда тұңғыш рет Оқушылардың 51-Халықаралық олимпиадасы өтті. Оған 100-ден артық елден 600-ден астам дарынды бала қатысты. Ресми емес командалық есепте бірінші орынды - Қытай, екінші орынды - Ресей және үшінші орынды - АҚШ иеленді. Қазақстан бұл бәсекеде 5- орынға табан тіреді. Айта кетейік, бұл біздің ел оқушыларының аталмыш Олимпиадалық жарыста жеткен ең жоғары жетістігі. Жеке рейтингте марапат мінберіне бірінші болып Қытай, одан кейін АҚШ пен Сербия оқушысы шықты.

Білім мен ғылым қуған жастар үшін, сондай-ақ биыл «Назарбаев университеті» есігін айқара ашты. Халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнын басқаша - Болашақ университеті деп атайды. Есілдің сол жағалауында 80 гектар аумаққа қазығын қаққан жоғары мектепте әлемнің 30 үздік университеттерімен ынтымақтаса отырып медициналық, баламалы энергетика және халықаралық инжиниринг салалары бойынша еуропалық стандарға сай білім беретін болады. Биыл мемлекет 500 студентке грант бөлді. Жуырда Елбасы Н.Назарбаев университетте алғашқы дәрісін оқыды.

Спорттағы жетістіктер

Соңғы кезде елде спорттың дамуына үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Өз кезегінде спортшыларымыз да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізе бастады. Қазақстан қоржынын медальдармен толықтырып жүрген спортшылардың арасында елордалықтар да аз емес. Мәселен, 2010 жылы Әлем чемпионаттарында - барлығы 3 қола; Азия ойындарында - 2 күміс, 1 қола; Гуанчжоуда өткен (ҚХР) 16- Жазғы Азия ойындарында - 6 алтын, 4 күміс, 5 қола медальдар жеңіп алды.

Астана - Ақ Азиада кезінде Азия құрылығының 31 елінен бір мыңнан астам спортшыны қабылдайтын екі қаланың бірі. «Өз үйінде қабырғалар да көмектеседі» деген қанатты сөз бар. Елордалық спортшылар бұл байрақты бәсекеде де намысты қолдан бермеуге барын салады деген үлкен сенімдеміз.

Еске салайық, 2011 жылдың 30 қаңтары мен 6 ақпаны аралығында өтетін 7- Қысқы Азия ойындары спорттың барлығы 11 түрінен өтеді. Астанада жарыстар соның 4-еуі бойынша өткізіледі. Соған орай қалада халықаралық талаптарға сай бірнеше спорттық нысан салына бастады. Олардың бірқатарын 13 желтоқсан күні Президент Н.Назарбаев өзі аралап көрді. Азия ойындарына барлығы үш нысан қатыстырылады. «Қазақстан» спорт кешенінде хоккейден сайыстар өткізіледі. Кешеннің жанына үлкен алаңға шығар алдындағы дайындық жаттығуларға арналған «Барыс» спорттық нысаны тұрғызылды. Республикалық велотректе мәнерлеп сырғанау және шорт-тректен жарыстар өтеді. Нысан жобасына өзгерістер енгізіліп, онда велотрекпен бірге мұзайдыны қоса салынды. Ал конькимен жүгіру спорты бойынша додалар - Конькимен жүгіру стадионында өтпек. Барлық нысандар бүгінгі күні толығымен іске қосылған және оларда сынамалық жарыстар өтті.

Айта кетейік, Қазақстанда туы алғаш желбірейтін Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы қаланың 10 жылдық мерейтойында пайдалануға берілген 30 мың орындық «Астана-Арена» стадионында өтеді.