2010 жылдан бастап Мемлекет басшысы мен Үкіметтің барлық актілер жобалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамадан өткізіледі

None
None
АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті.
Онда «ҚР нормативтік-құқықтық актілер туралы» ҚР заңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Аталған заң жобасына Мәжіліс депутаты Николай Турецкий бастамашылық жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Заң жобасы Мемлекет басшысының былтырғы жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда жүктеген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Құжат бойынша «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» заңына өзгерістер енгізу қарастырылады. Атап айтқанда, нормативтік-құқықтық актілер жобаларын міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамадан өткізу шаралары заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіледі. Депутаттық бастамаға Үкімет тарапынан да оң қорытындылар берілді. Әрине, бұл нормалар біршама шығынды қажет етеді. Сондықтан да, жоба бойынша алғашқы кезеңдерде біршама қайшылықтар болғанымен, құжат жұмысына «Нұр Отан» фракциясы белсенді араласып, оң нәтижеге жетіп отырмыз. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамалар жүргізу сатылап енгізілетін болады. Мәселен, ағымдағы жылдан бастап барлық заң жобаларына арнайы сараптама жүргізу қолға алынып келеді. Ал 2010 жылдан бастап Мемлекет басшысының және Үкіметтің барлық актілер жобасына жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілсе, 2011 жылдан бастап орталық және жергілікті билік органдарының актілер жобасына осындай сараптама жасалады», - деді Н Турецкий. Оның айтуынша, заң жобасы қолданысқа енсе, бұл мақсатқа жылына 65 млн. теңге шамасында шығындар қарастыру көзделеді. Бұл соманың басым бөлігі ғылыми сараптама жасаушы ұйымдарға, жұмысқа тартылған білікті заңгер ғалымдардың еңбекақысына жұмсалатын болады. Ал ғылыми сараптама жасау құқығына ие ұйымдар Үкімет шешімімен анықталады. Заң жобасы палатаның жалпы отырысында талқыланатын болады.
Соңғы жаңалықтар