2010 жылдың нақтыланған бюджетінде әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға қомақты қаржы қарастырылып отыр

;АСТАНА. Наурыздың 1-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындау үшін Үкімет ағымдағы жылдың бюджетін нақтылап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамына біршама түзетулер енгізді. Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен өткен өткен Үкіметтің
None
None

бүгінгі отырысында 2010 жылға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бекітілді. Республикалық бюджеттің нақтыланған параметрлері бойынша биыл қазынаға 3 трлн. 378,4 млрд теңге түсім түсуі тиіс, бұл қолданыстағы бюджетке қарағанда 189,4 млрд. теңгеге артық. Ал шығыстар - 4 трлн. 182,0 млрд. теңгені құрайды, сөйтіп ол түзетілген бюджетке қарағанда 240,1 млрд. теңгеге ұлғайтылып отыр. Ағымдағы бюджеттің тапшылығы - 803,6 млрд. теңге болмақ, бұл сан түзетілген көрсеткіштен бар-жоғы 50,7 мың теңгеге ұлғайған. Заң жобасы артық-кем тұстарын тағы бір сүзгіден өткізу үшін алдымен «Нұр-Отан» партиясының қарауына ұсынылып, одан кейін Парламент депутаттарының қарауына шығарылады.

Сонымен нақтыланған бюджетте қандай жаңалықтар бар? Нақтыланған бюджет бойынша 295,5млрд. теңге сомадағы қосымша түсімдер мен босайтын қаражатты биылғы Жолдаудың ережелерін іске асыру іс-шараларына бағыттау көзделіп отыр. Бұл ретте қаржы жеті басым бағыт бойынша бөлінеді. Есте болса, Президент биылғы Жолдауында Үкіметке бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын және студенттердің стипендияларын 25 пайызға арттыру мерзімін ағымдағы жылғы шілденің 1-нен сәуірдің 1-не ауыстыруды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау үшін нақтыланған бюджеттен 53,8 млрд. теңге қаржы бөлу көзделіп отыр. Бұл бірінші басым бағыт.

Ал екінші басым бағыт Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы шараларды қаржыландыруға 145,8 млрд. теңге бөлу көзделуде. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыруға - 30 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Осы арада Қазақстан еліміздегі бизнестің беделін мықтап көтеруге бел шеше кірісіп кеткенін айтып өткен жөн. Өткен жұмада ҚР Президенті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің 1-ші жалпы отырысында Елбасы еліміздегі кәсіпкерліктің кемелдеп, шағын және орта бизнестің берекесін арттыру үшін Үкіметке барлық жағдайды жасауды мықтап тапсырды. Мынадай күрделі кезеңде шағын және орта бизнесті тағдыр тәлкегіне тастамас үшін, олардың алған несиелерін субсидиялауға шамамен 30 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл жеке бизнес, жалпы кәсіпорындар үшін қазіргі жағдайда айрықша қолдау екені даусыз. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау негізінен экономиканың шикізаттық емес секторында жұмыс істейтін шағын бизнес кәсіпорындарға көрсетілетін болады.

Нақтыланған бюджет бойынша, жоғарыда айтылған екінші бағыт аясында Индустрия және сауда министрлігінің инвестицияны, экспортты және өнімділікті арттыру бағдарламасын іске асыру арқылы шикізат емес секторды дамыту іс-шараларына - 5 млрд. теңге; «Самұрық-Қазына» қорының жарғылық капиталын ұлғайту және кредит беру арқылы серпінді инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға - 62,8 млрд. теңге; агроөнеркәсіп кешенін дамыту іс-шараларына - 28 млрд. теңге; ғарыш саласының жобаларына - 7 млрд. теңге: «Қорғас» халықаралық ынтымақтастық орталығының инфрақұрылымын дамытуға - 6 млрд. теңге; Астана қаласындағы Жаңа университеттің 2-ші кезегін салуға - 5 млрд. теңге бөлінетін болады.

Ал үшінші басым бағыт - ішкі саяси тұрақтылықты қолдауға және халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған іс-шараларға 16 млрд. теңге бөлу көзделген. Оның ішінде ЕҚЫҰ-ның бейресми саммитін өткізуге, ШЫҰ-ға және ЕурАзЭҚ-қа қатысуға - 5,9 млрд. теңге; бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен және үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, бағдарламалық құжаттарды жұртшылыққа жеткізуге - 1 млрд. теңге; ішкі саясат мәселелерін шешуге қаржыландыруға - 9 млрд. теңге бөлінеді.

Төртінші бағыт - 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізуді дайындауға және Астана және Алматы қалаларының объектілерін дамытуға - 44,4 млрд. теңге бөлу, бесінші бағыт - Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты іс-шараларды іске асыруға қосымша 11,4 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Алтыншы бағыт - халықаралық донорлармен жүргізілген келіссөздерді ескеріп, сырттан займдар тарту арқылы сумен жабдықтау жүйелерін және автомобиль жолдарын дамыту жобаларын іске асыруға - 13,2 млрд. теңге бөлу жоспарланса, жетінші бағыт бірқатар кезек күттірмейтін міндеттерді шешуге 12,9 млрд. теңге қосымша қаражат көзделген.

Жоғарыда, еліміздің 2010 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы нақтыланғанын айтқанбыз. Бұл істе Үкімет халықаралық сапаршы ұйымдардың бағалары ескерген. Мәселен, Халықаралық валюта қорының дамушы елдер экономикасының жандануы салдарынан 2010 жылы әлемдік экономиканың өсімі жөннідегі болжамының 3,9 пайызға дейін ұлғайтылғаны назарға алынған. Бүгінде сарапшылар әлемдік тауар нарығында орта мерзімді перспективада мұнай мен металдың әлемдік бағасының арту үрдісі сақталатынын айтып отыр. Есте болса, 2009 жылдың қорытындылары бойынша Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы орта есепппен бір баррельі үшін 61,9 АҚШ долларын құраған болатын. Әлемдік тауар нарығындағы оң баға серпінін ескере отырып, мұнайдың әлемдік бағасының болжамы 2010 жылы бір баррелі үшін 50 АҚШ долларынан 65 АҚШ долларына дейін ұлғайтылып отыр. Осындай есеп-қисаптар Қазақстанның басқа да экспорттық позициялары бойынша да жүргізілген. Осылайша өткен күн мен келер күнді саралаған Үкімет дамудың көрсетілген сыртқы факторлары мен ішкі жағдайларын негізге ала отырып, 2010 жылы ел экономикасының өсімі 2 пайыз деңгейінде болады деп болжап отыр. Есте болса, жыл басында Қазақстандағы ІЖӨ-нің өсімі 1,5-2 пайыз деңгейінде болжанған еді. Ал өткен жұмада өткен ҚР Прехзиденті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің 1-ші жалпы отырысында Премьер-Министр К. Мәсімов 2010 жылдың алғашқы екі айында Қазақстандағы ІЖӨ-нің өсімі Үкіметтің алдын ала күткенінен жоғары болып отырғанын мәлімдеді. «Қазіргі уақытта еліміз әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстың неғұрлым ауыр салдарын еңсере алды деп айта аламыз. Қазақстан жаппай жұмыссыздықты, кәсіпорындардың сұрапыл банкротқа ұшырауын және өндіріс көлемінің күрт құлдырауын білген жоқ. Мұндай жағдайлар 2010 жылдың екі айында оптимизмге жетелейді Өнеркәсіп көлемінің өсімі және ішкі жалпы өнімнің өсімі біздің алдын ала күткендегімізден жоғары болып отыр», деген болатын сонда Үкімет басшысы. Міне, алғашқы екі айдағы оң нәтижелер Үкіметті оптимизмге жетелсе керек, биыл экономиканың өсімі 2 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Бұл дағдарыстан дамуға бет алған еліміздің даңғыл жолға түсудегі алғашқы қадамының сәтті басталатынын аңғартатындай.

Бұдан бөлек, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2010 жылы жаңа болжам бойынша 3,3 пайызға өседі. Мұнай өңдеу көлемі 2010 жылы бағалау бойынша бұрын жоспарланғандай 80 млн. тоннаны құрайды. Экспорт 49,6 млрд. АҚШ доллары, импорт - 34,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде болжанып отыр. Инфляция 6,0-8,0 пайыз деңгейінде бағаланып отыр, бұл ретте, төменгі шек бұрынғы болжамды көрсеткіштермен салыстырғанда 1,5 пайыздық пунктке төмендетілген.

Міне, 2010 жылдың нақтыланған бюджетіндегі жалпы жаңалықтар осындай. Республикалық бюджеттің нақтыланған параметрлері бойынша шығыстардың 240,1 млрд. теңгеге ұлғайтылғанын жоғарыда айттық. Бұның бір бөлігі бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын және студенттердің стипендиясын арттыруға жұмсалады. Сөйтіп Қазақстан дүниені дүрліктірген дағдарыстан азғантай шығындармен өтіп, дұрыс экономикалық саясатының арқасында әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға қол жеткізіп отыр. Бұл әрине құптарлық қадам. Бюджеттің нақтыланған параметрлеріне қарай отырып, 2010 жылдың бюджетін әлеуметтің күйін күйттеген, экономиканы өркендетуді көздейтін бағдарламалардың болашағын баянды етуді мақсұт еткен бюджет деп бағалауға болады.

Соңғы жаңалықтар