2010 жылғы бокстан әйелдер арасындағы Азия чемпионаты Астанада өтеді
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - 2010 жылғы әйелдер арасындағы Азия чемпионаты Астанада өтеді.
Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында федерация вице-президенті Жанболат Сәрсенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Азия бірінішілігінің Қазақстанда өтуі әйелдер боксының дамуына жаңа серпін береді. Мамыр айында Астана қаласында өтетін додаға ел біріншілігінің жүлдегерлері қатыстырылмақ. Әйелдер боксы Лондон олимпидасының бағдарламасына кiргендіктен, Ұлттық Федерация қыздар боксына бей-жай қарамайтындықтарын айтуда. Қыздар құрамасы ерлермен тең материалдық және техникалық жағдайлармен қамтамасыз етілген.
«Мамырдың 10-нан бастап қыздарымыз Үндістан және Польша құрамаларымен бірге Ақмола облысының Жақсы ауданында оқу-жаттығу жиындарын өткізетін болады. Бірлескен жаттығулар біздің қыздарымыздың шеберлік деңгейін өсіреді. Үндістанның боксшы қыздарын білесіздер, олар әлемдегі ең мықты құрамалардың сапынан орын алады. Қазақстанның Бокс федерациясы қыздар боксын көтеруге барлық жағдайды жасап жатыр. Сондықтан жеңіс бізде - Астанада қалады деп санаймын», дейді Мемлекеттік жаттықтырушы Болат Әбдірахманов.
Бокстың басы-қасында жүрген жаттықтрушылар, жалпы Қазақстан әуесқой бокс федерациясының тізгінін Тимур Құлыбаев ұстағалы бері бокстан өтетін жарыстарға елімізде бұрынғыға қарағанда көп мән беріліп келетіндігін айтуда. Еліміздің жастары елішілік турнирлер мен халықаралық бәсекелерге көптеп қатысып жатса, қыздар боксы өткен жылдарға қарағанда екінші тынысын ашып, жаңа деңгейге шықты. Осы бағытта жасалған барлық жұмыстарға баспасөз мәслихатында ұлттық федерацияның вице-президенті Ж. Сәрсенов толық тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі күні елімізде боксты дамыту, соның ішінде әйелдер жарыстарын көптеп өткізуге федерация тарапынан барлық жағдай жасалуда. Мәселен, спорт мекемесінің боксты жан-жақты дамытып, былғары қолғап иелері мен төрешілердің материалдық жағдайын жақсартып, бокс залдарын салып, олардың заман талабына сай жабдықталуына баса назар аударылуда.