«2010 жылғы шілденің 1-інен бастап Қазақстан мен Ресейдің арасында Кеден одағының Кеден кодексі қолданылатын болады - Премьер-Министр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2010 жылғы мамырдың 28-де Санкт-Петербор қаласында өткен Кеден одағының жоғары органы отырысының қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында Кеден одағын құру шеңберінде халықаралық шарттарды қолдану туралы шартқа қол қойылды. 2010 жылғы шілденің 1-інен бастап Қазақстан мен Ресейдің арасында бірыңғай кедендік аумақты құруды, Кеден одағына қатысушы мемлекеттер арасындағы кедендік шекараларды жоюды, жүктерді кедендік рәсімдеуді алып тастауды, болжайтын Кеден одағының Кеден кодексі қолданылатын болады», деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, кедендік аумақ әзірше Қазақстан мен Ресей арасында құрылатын болады. Беларус өзінің дайындығына қарай Кеден одағына қосылады деп болжануда. «Соңғы екі апта бойы атқарылған қауырт жұмыстың барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы барлық келіспеушіліктер бойынша іс жүзінде тиісті келісімдер мен шешімдерге қол жеткізілді», деді К. Мәсімов.
Премьер-Министрдің айтуынша, бірінші кезекте Кеден одағының комиссиясы алдағы уақытта өзіне берілетін өкілеттіліктер шеңберінде барлық шешімдерді, мәселен үшінші елге қарсы қорғаныс шараларын енгізу жөніндегі шешімдерді тек консенсус арқылы ғана қабылдайтын болады. Бұған дейін консенсустық шешімдер Кеден одағының Жоғары органы - Мемлекетаралық кеңесте ғана қабылданған. Үкімет басшысының айтуынша, екі елге бірыңғай кеден аумағын құру кедендік әкелу бажын бөлу нормативтерін қайта қарауды талап етті. Жаңа норматив бойынша Қазақстанның үлесі кедендік әкелу бажының барлық Кедендік одағы бойынша жиналатын жалпы сомасының 7,69 пайызын құрайды. «Бұл мәселе математикалық қайта есептеу сипатында және бюджеттің кірісіне әсер етпейтін болады», деді Премьер-Министр.