2010 жылы Ақтөбе облысында баспананың 1 шаршы метрі 45,7 мың теңгені құрады
АҚТӨБЕ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - 2010 жылы Ақтөбе облысында баспананың 1 шаршы метрі 45,7 мың теңгені , (Ақтөбе қаласында - 43,6 мың теңге), ал тұрғындар салған тұрғын үйлерде - 52,7 мың теңгені (Ақтөбе қаласында - 62,3 мың теңге) құрады, деп хабарлайды облыстық статистика басқармасының баспасөз қызметі.
Өткен жылы тұрғын үй құрылысына инвестицияларды игеру бойынша аймақ республика бойынша төртінші орынды иеленді. Мәселен, 2010 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында баспана салуға Ақтөбе облысында 19,2 миллиард теңге жұмсалды, ол көрсеткіш 2009 жылға қарағанда 24,5 пайызға артық.
2010 жылы тұрғындар мен барлық меншік түрлерінің кәсіпорындары мен ұйымдары тарапынан қаңтар-желтоқсанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 5,7 пайызға көбейіп 404,2 мың шаршы метрді құрады.
Пайдалануға берілген үйдің саны Әйтеке би, Қобда, Хромтау және Ырғыз аудандарында және Ақтөбе қаласында көбейді. Пайдалануға берілген тұрғын ғимараттардың жалпы алаңының негізігі үлесі Ақтөбе қаласына (72%) және Хромтау ауданына (7,4%) тиесілі.