2010 жылы «Халық-Қазақинстрах» АҚ брутто-төлемдер бойынша алдыңғы орынға шықты -
АЛМАТЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - «Халық-Қазақинстрах» АҚ-ның 2010 жылғы активтері 27 034538 мың теңгені, сақтандыру резервтері - 11745808 мың теігені,
жарғылық капиталы - 4587895 мың теңгені, меншікті капиталы 13 494 204 мың теңгені көрсетті. Бұл жайында бүгін аталған Басқарманың төрағасы Асқар Баймұханов Алматыда арнайы өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
Оның айтуынша, компания 2010 жылы қаржылық тұрақтылық рейтингін алуды мақсат тұтқан, нәтижесінде ағымдағы жыл басында компанияға «В+» (жақсы) деңгейлі рейтингі мен А.М. Best. халықаралық агенттігінің «bbb-» несие рейтингі берілген.
«2010 жылы біздің компания жалпы брутто-төлемдер бойынша алдыңғы орынға шықты. Өйткені бұл жылы 4 500 000 мың теңге төлемдер төледік, бұл жалпы сақтандыру нарығындағы барлық төлемдердің бесінші бөлігін құрайды», -дейді А. Баймұханов.
Сонымен қатар ол компанияның дағдарыс кезінде де клиенттік базасы мен нарықтағы ұстанымын сақтап қалғанын айтады. «Сақтандыру сыйақыларының мөлшері 2009 жылмен салыстырғанда өткен жылы 17 пайызға артты. Ал, жалпы сақтандыру нарығындағы өсім 9%-ға жетті», -деп атап өтті өз сөзінде Басқарма төрағасы.
Компания 2011 жылы да мойнына алған міндеттемелерін дер кезінде орындайтын сенімді де тұрақты серіктес имиджін сақтап, өсім көрсеткіштерін арттыра отырып, өз өнімдерінің сату аясын кеңейтуді көздеп отыр.