2010 жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары 13,7 млн. тонна шикі мұнай өңдеді
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - 2010 жылы Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары 13,7 млн. тонна шикі мұнай өңдеді.
Бұл көрсеткіш 2009 жылға қарағанда 12,8 пайызға артық. Бұл мәліметтер бүгін Мұнай және газ министрлігінің өткен жылдағы қортындысына, сондай-ақ биылғы жылдың міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде таратылған баспасөз баянында көрсетілген.
Айта кетейік, 2010 жылы Мұнай және газ министрлігі ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етті. Осы орайда көктемгі және күзгі егіс жұмыстарына ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін тиісті көлемде жағармаймен қамтамасыз етудің шаралары жоспарға сәйкес атқарылды.
2010 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 738 мың тонна арзандатылған дизельдік отын жеткізілді. Атап айтқанда, жалпы нарықтағы бағаға қарағанда оларға дизельдік отын 7 теңгеге арзан, яғни 62 теңгеден жеткізілді.