2010 жылы ШҚО-да бір жарым мыңнан астам кәсіпкер «Алтай» технопаркінің Қызмет көрсету орталығында көмекке ие болды
ӨСКЕМЕН. 18 қаңтар. ҚазАқпарат /Людмила Малько/ - 2010 жылы ШҚО-да бір жарым мыңнан астам кәсіпкер Шығыс Қазақстан аймақтық «Алтай» технопаркінің базасында құрылған Қызмет көрсету орталығында түрлі қолдау мен көмекке ие болды.
Қызмет көрсету орталығы кәсіпкерлерге қаржылық және заң кеңестерін, маркетингтік, консалтингтік және өзге де қызметтер көрсетеді. Сервистік қолдау өндіру және тамақ өнеркәсібінің, ауыл шаруашылығының, туризм мен экономиканың өзге де салаларының шағын және орта бизнестің кәсіпорындарына көрсетілді. Бұл туралы кеше «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының алдағы сатысының жүзеге асуына арналған республикалық кеңесте ШҚО әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев айтты.
Қызмет көрсету орталығының кеңеске қатысушыларға арналған тұсаукесері өте көкейкесті болды. Отырыс барысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының толықтырылған төртінші бағыты - бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсетуге мән берілетін «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуге» басты назар аударылды.