2011 жыл «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен өтеді - ҚР Президенті
АНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2011 жыл «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен өтеді.
Бұл туралы Ақордада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өту мәселелеріне арнаған кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«2011 жыл - бұл Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тарихи мәре. Биылғы жыл «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» деген ұранмен өтеді», - деп атап өтті ҚР Президенті. - 2011 жыл ресми түрде ел Тәуелсіздігінің 20 жылы болып жарияланған, - деп еске салды Елбасы.
«Әртүрлі бағыттар бойынша үлкен жұмыс көлемі жоспарланған. Оларды орындау қажет. Осы ретте, формализмге, бір сарындылыққа, орынсыз даңғазалыққа жол бермеу қажет. Әрбір оқиға мәнді әрі мазмұнды болуы тиіс», - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Үкіметке «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерейтойлық медалі туралы» Жарлық жобасын енгізуді тапсырды. «Аталған медальмен Тәуелсіздікті нығайтуға, еліміздің қалыптасуына елеулі үлесін қосқан азаматтар марапатталатын болады», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы жылын мерекелеуді өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев басқаратын болды. Оның құрамында Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері, Парламент депутаттары, әкімдер, қоғамдық құрылымдардың өкілдері бар. «Комиссия барлық мүдделі тараптарды - мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды, үкіметтік емес ұйымдарды және бизнес өкілдерінің күш-жігерлерін топтастыруды қамтамасыз етуі керек», - деп атап өтті Елбасы.
Кеңеске Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, республика өңірлерінің әкімдері, Қазақстанның министрліктері мен ведомстволарының басшылары қатысты.