2011 жылдың 3-ші тоқсанында заемшылар тарапынан кредиттік ресурстарға сұраныстың өсу үрдісі сақталады - ҚР Ұлттық Банкі

МАТЫ. 2 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2011 жылғы шілдеде банк өкілдерімен сұхбат жүргізе отырып, банкке тоқсан сайынғы кезекті зерттеу жүргізді.

2011 жылдың 3-ші тоқсанында заемшылар тарапынан кредиттік ресурстарға сұраныстың өсу үрдісі сақталады -  ҚР Ұлттық Банкі

Нәтижесінде корпоративтік кредиттеу сегментінде2011 жылғы 2-ші тоқсанда банктердің 79%-ы сұраныстың ұлғайғаны және респонденттердің небәрі 18%-ы қаржылық емес ұйымдар тарапынан кредиттерге сұраныстың өзгермегені байқалған. Бұл жайында аталған банктің баспасөз қызметі мәлім етті.

Респонденттердің кредиттеу объектілері мен мақсаттары бойынша қаржыландыруды бағалауы айналым қаражаттарын толықтыруға және кәсіпорындардың қазіргі бар борыштарын қайта құрылымдауға арналған қысқа мерзімді заемдар неғұрлым көп қажет етілетінін, сонымен бірге негізгі құрал-жабдықтарды сатып алуға сұраныстың шамалы қарқынмен ұлғайғанын көрсетеді.

2011 жылғы 3-ші тоқсанда заемшылар тарапынан кредиттік ресурстарға сұраныстың өсу үрдісі сақталады.Банктердің 82%-ға жуығы сұраныстың өсуін күтуде және респонденттердің небәрі 15%-ы оның бұрынғы деңгейде қалатынын күтуде.

Банктерге жүргізілген пікір сұрау нәтижелері бойынша кредиттік ресурстарға неғұрлым көп сұраныс салалық бөлікте сауда және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар тарапынан сақталуда. Сондай-ақ банктердің тарапынан кредиттерге ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тарапынан, ағымдағы жылы дәнді дақылдардың жоғары өнімділігіне оң болжамдарын ескере отырып, сұраныстың ұлғайғанын белгілейді.

«Бизнестің жол картасы 2020», Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және шағын және орта бизнесті дамытудың басқа да бағдарламалары шеңберінде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша көрсетілетін мемлекеттік қолдау, сондай-ақ қаржыландыру банктер арқылы жүзеге асырылатын басым жобаларды тікелей қаражаттандыру кәсіпкерлер тарапынан кредиттік ресурстарға сұраныстың ұлғаюына оң әсер еткен, сондай-ақ заемшылардың барынша транспарентті болуын ынталандырады екен. Осылайша, мемлекеттің экономиканың нақты секторын қолдау жөніндегі қызметі шағын және орта бизнес кәсіпорындарын барынша тез қалпына келтіруге, сонымен бірге несие портфелі сапасының жақсаруына және банктердің кредиттік қызметінің жандануына себепші болған.

Корпоративтік секторды кредиттеу бөлігіндегі нақты үрдістерді ескере отырып, банктер арасында сапалы заемшыларды тарту бойынша бәсекелестіктің сақталуы оларды бұдан әрі пайыздық ставкаларды төмендетуге, заемшыларға қызмет көрсету сапасын арттыруды қоса алғанда, кредиттеу талаптарын жақсартуға мәжбүр етеді деп күтілуде.