«2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы алдағы сәрсенбіде депутаттар талқысына шығарылады - Мәжіліс бюросы
АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат - «2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы алдағы аптаның сәрсенбісінде депутаттардың талқысына шығарылады.
Бұл жөнінде бүгінҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен Палата Бюросының отырысында айтылды. Палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова үш жылдық бюджет жоспарының жұмыс тобында жан-жақты талқылаудан өткенін мәлімдеді. Ол «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасының да депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады.
Сонымен қатар Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
Мәжілістің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұсынуымен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі бойынша Жамбыл облысындағы жол учаскесіне Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді бекітуді көздейтін заң жобалары да жалпы отырыста талқыға салынады.