2012-2014 жылдарға мәдениет саласына бөлінетін қаржы 61,3 миллиард теңгені құрайтын болды - Қаржы министрі
АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қаржы министрлігінің мәліметтерінше, 2012-2014 жылдарға мәдениет саласына бөлінетін қаржы көлемі 61,3 миллиард теңгені құрайтын болды.
Бұл туралы бүгін Қаржы ведомствосының басшысы Болат Жәмішев Сенат депутаттарын «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасымен таныстыру барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, аталмыш қаржының негізгі бөлігі театр, концерт ұйымдарының қызметін жетілдіруге, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға, ұлттық фильмдерді шығару мен әлеуметтік маңызы бар мәдени шараларды ұйымдастыруға және мәдениет нысандарын салуға жұмсалады. «Мемлекеттік тіл мен Қазақстанның басқа да халықтарының тілдерін дамыту» мемлекеттік бағдарлама мен өзге де бағдарламаларды жүзеге асыруға 13 миллиард теңге қарастырылған»,-деді министр.