2012 жылдан бастап жеңілдікпен беріліп келген дәрі препараттары тегін босатылады

деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық денсаулық сақтау орталығы» РМК дәрілік ақпараттық орталығының баспасөз қызметі.
ҚР «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2012 жылдан бастап науқастарға 50 пайыздық жеңілдікпен босатылып келген дәрі препараттары енді тегін беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлім еткеніндей, аз қамтылған отбасылар мен зейнеткерлер үшін бұл мемлекет тарапынан көрсетілген үлкен қолғабыс болмақ.
«Сонымен қатар аталмыш дәрі-дәрмектер дәрігердің қарауынан кейін, дәл сол емхана ішінен немесе жақын дәріханалардан берілетін болады. Тегін дәрі-дәрмектерді елді мекеннің басқа аймақтарынан іздеп жатудың қажеттілігі жойылмақ. Қазірдің өзінде барлық емханалар мен денсаулық сақтау мекемелерінде дәріхана нүктелері ашылуда», - делінген хабарламада.
Емханалар жаппай компьютерлендірілуде және дәрігерлердің электронды рецептілері енгізілуде. Бұл өз кезегінде дәрі жеткізілімі бағытында орын алатын кешігулер мен олқылықтарды алдын алуға мүмкіндік бермек.
Айта кетейік, халықты тегін және жеңілдікті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бағдарламасы Қазақстанда 2005 жылдан бері жүргізіліп келеді.