2012 жылдан бастап жүзеге аса бастайтын «Халықтық ІРО» жұртшылық үшін ұғынықты әрі ашық болуы шарт

ТАНА. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың басында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде Үкіметке «Самұрық-Қазына» Қорының құрамына кіретін ұлттық компаниялардың акцияларын халық арасына шығаруды, яғни «Халықтық ІРО» жасауды тапсырған болатын.

2012 жылдан бастап жүзеге аса бастайтын «Халықтық ІРО» жұртшылық үшін ұғынықты әрі ашық болуы шарт

Сондай-ақ Елбасы «ІРО»-ның маңызын: «Халықтық ІРО» шығару жүздеген мың қарапайым қазақстандықтарға ірі кәсіпорындардың акцияларын иеленуге және олардың жинаған байлықтарын жаңаша инвестициялауға мүмкіндік береді», - деп атап көрсеткен еді. Бұндай шараның халықтың әл-аухатын, тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсарту, қаржы білімі мен қаржы тетіктерін ұтымды пайдалана білуге баулу, азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға септігі зор болатынына да назар аударылған. Осындай мақсатта Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеу керектігін де жүктеген еді. Осыған орай, Экономикалық даму және сауда министрлігі «Халықтық ІРО» бағдарлама жобасын әзірлеп, бұл құжат бүгінгі Үкіметтің отырысында талқыға түсті. Жалпы «Халықтық ІРО» бағдарламасы мөлдірлік, ашықтық және барлық қазақстандықтар үшін теңдей қол жетімділік қағидаттарына негізделеді. «Елбасы тапсырмасына сәйкес, бағдарлама Қазақстан халқына өздерінің ұзақ уақыт жинаған қорын инвестициялау арқылы ірі компаниялардың акцияларына иелік етуге мүмкіндік беруді қарастырады. Сондай-ақ еліміздегі бағалы қағаздар нарығының дамуына жағдайлар жасау қамтамасыз етілетіні қарастырылады. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен және «Самұрық-Қазына» Қорымен бірлесе отырып бірқатар міндетерді орындауға бағыталған кешенді іс-шаралар атқаруы тиіс», - деді жиын барысында бағдарламаны таныстырған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі тұрғындардың арасында қор нарығының қызметін білетін, қаржылық сауатты жұртшылықтың саны көп емес. Халықтың аз ғана бөлігі бағалы қағаз нарығына инвестиция салуды жүзеге асырып отыр. Бұл шамамен 10 мыңға тарта жеке тұлғаларды құрайды. Ал «Халықтық ІРО» бағдарламасын әзірлеу барысында тұрғындарға жасалған сауалнама нәтижесінде жұртшылық тарапынан инвестициялауға ағымдағы сұраныс 100 - 200 млн. долларға бағаланған. Дегенмен, министр «Халықтық ІРО-ға» шығарылатын ықтимал кандидаттар туралы тұрғындар жаппай ақпараттанған уақытта халықтың инвестициялауға деген сұранысы анағұрлым өсу мүмкін екенін алға тартады.

Тоқтала кететін жайт, «Халықтық IPO» бағдарламасының жүзеге асуы бірнеше жылдар аралығында тізбекті фазалармен орындалады және жыл сайын қатыстырылатын компаниялардың саны да арта түседі. Бұл ретте бағдарлама аясында акцияларды орналастырудың мақсаттық индикативті үлесі 5 пайыздан бастап 15 пайызға дейінгі мөлшерді құрайды. Ал акциялардың нақты саны компаниялардың негізделген ұсынысы бойынша Қор директорларының Кеңесімен анықталады.

Сонымен қатар, «Халықтық IPO» бағдарламасына кандидат-компанияларды бағалау жүйесі объективті өлшемдерге негізделеді. Онда компаниялардың көрсеткіштері баллмен бағалау тәртібінде жүргізіліп, стратегиялық айқындық, қаржылық жағдайы, IPO өткізгеннен кейінгі тұрақтылық жағдайлары сараланады. Осылайша сипатталған өлшемдерді ескере отырып, кандидат-компаниялар «IPO-ға дайындық» көрсеткішімен бағаланады. «Осылайша, талдау барысында IPO-ға анағұрлым дайын компаниялар тізбегі белгілі болып отыр. Атап айтқанда, бұлар бірінші - «Қазтрансойл» АҚ. Аталған компанияның еншісіне елдегі мұнай өндірудің жылдық мөлшерінің 60 пайызға жуығын тасымалдау үлесі кіреді. Компания Қазақстандағы мұнай құбырларының ірі операторы болып табылады. Оның үстіне «Қазтрансойл» қаржы көрсеткіштерін жақсарту әлеуетіне ие тұрақты бизнестік ұйым болып отыр. Сондықтан да, «ІРО»-ға шығару дайындығы жоғары. Екінші әлеуетті компания - «КЕГОК» АҚ. Аталмыш компания электр желілерін басқарудағы негізгі қызметтерді жүзеге асырады. Қазақстанның ішкі экономикасының өсуіне қарай бизнес бірқатар артықшылықтарға да ие. Бұған қоса, «Эйр-Астана» АҚ да дайындық деңгейі бойынша бірінші кезектегі топта қарастырылып жатыр», - дейді Қ. Келімбетов. Оның айтуынша, аталған үш компанияның «Халықтық ІРО»-ға шығаруға дайындығы жоғары. Яғни, бағдарлама бойынша 2012 жылдың 2-3 тоқсанына қарай «Қазтрансойл» мен «КЕГОК» компаниялары, 2013 жылы «ҚазтрансГаз», «Самұрық-Энерго», 2014 - 2015 жылдары аралығында «Қазақстан Темір Жолы» мен «ҚазТемірТранс» АҚ компаниялары халықтық инвестициялауға ұсынылатын болады. Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» АҚ мен «ҚазАтомөнеркәсіп» АҚ 2015 жылдан кейін осы бағдарламаға қатысуы мүмкін. «ҚазМұнайГаз» бен «ҚазАтомӨнеркәсіп» компанияларын ІРО-ға шығару ең соңғы жылдарға ысырылған себебі - бұлардың акциялық құны әлемдік құбылмалы бағаға тәуелді. Яғни, тәуекелі жоғары компаниялар. Оның үстіне 2015 жылға қарай халық та IPO жөнінде жеткілікті деңгейде білетін болады», - дейді Қ. Келімбетов.

Министрдің айтуынша, бағдарламаға сәйкес, компанияларды ІРО-ға дайындау негізгі үш бөлімнен тұрады. Олар алдын ала дайындық, екіншіден, акцияларды орналастыруға дайындық, үшіншіден акцияларды орналастыруды жүргізу. Бұдан бөлек, «Халықтық ІРО» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру үшін заңнамалық тетіктерді қамту да ұсынылады. «Бағдарлама қор нарығы қызметінің тетіктері, акциялардағы, инвестициялау стратегияларындағы және басқа да инвестиция берумен байланысты тәуекелдер жөнінде халықтың білімін арттыру және ақпараттандыруды көздейді. Осы арқылы «Халықтық ІРО»-ға халықтың ең көп санын қамту қарастырылады. Тиісінше, «Халықтық ІРО» бағдарламасының бірінші кезекті міндеті халық тарапынан қор нарығындағы бағалы қағаздарға инвестициялау мәдениетін арттыруға мүмкіндік беретін білім беру науқанын жүргізу болып табылады. Осынау науқанды жүргізу мақсатында Байланыс және ақпарат министрлігі ҚР Ұлттық банкімен бірлесіп «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде білім беру науқанын әзірлеуі және іске асыруы қажет деп санаймыз. Осы мақсаттар үшін мемлекеттік бюджеттен тиісінше қаражаттар бөлінсе игі», - деді министр Қ. Келімбетов.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке аграрлық сектордағы компанияларды да ІРО-ға шығару мүмкіндіктері туралы нақты тапсырмалар жүктеді. «Ауыл шаруашылығын толық нарықтық жағдайға көшірген ләзім. Өйткені, «ҚазАгро» жүйесіндегі компаниялардың өзі нарықтық шартта жұмыс істеуде. Бұл оңай дүние емес, әрине. Сондықтан ІРО бағытындағы шаралардың бәрі теп-тегіс болып, жұп-жұмыр күйінде халыққа ұсынылғаны орынды», - деді Кәрім Қажымқанұлы.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы «Халықтық IPO» бағдарламасының басталуы, оны жүзеге асыру барысы туралы ұдайы халыққа ақпараттандыру науқанын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның кез-келген түкпіріндегі әрбір азаматқа ұсынылатын жаңа құрал түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізілуі шарт. Өйткені бұл өте нәзік мәселе. Нәзік бола тұра біз осы процесстен міндетті түрде өтуіміз керек. Сондықтан да, бұл бағытта жұмыс нысаналы қалыпта атқарылуы шарт. Бір жағынан біз ІРО-ға қол жеткізген азаматтар санын барынша ауқымды етуге тиіспіз, екінші жағынан бұлайша инвестициялаудың тәуекелі әрбір азаматтың өз мойнында екендігін түсіндіре алуымыз қажет. Сондықтан IPO мәселесі ұғынықты жеткізіліп, халықтың жаппай ақпараттанғаны абзал. Өйткені, қазір жұрт депозитке қаражат салудың жай-жапсарын түсінді, біледі. Ал компания акциясын иелену бұл аса мұқияттылықты талап етеді. Сол үшін насихатқа жауаптылық зор болуы шарт», - деп түйіндеді жиынды Үкімет басшысы. Жиын барысында бірқатар ұсыныстар айтылған болатын. Осыған орай, аталған ұсыныстар талқыланып, ортақ шешім шығарылса, Үкімет осы аптаның сенбісінде «Халықтық ІРО» бағдарламасын тұтастай қабылдайтын болады.