11:43, 12 Мамыр 2012 | GMT +5
2012 жылдың «Ең жақсы сыныбы» атағын Павлодардың №18 мектебінің оқушылары жеңіп алды
ПАВЛОДАР. 12 мамыр. ҚазАқпарат - Өткізілген байқау нәтижесі бойынша, Павлодардың «Ең жақсы сыныбы» атағына №18 мектептің 4 «А» сынып оқушылары ие болды.

Оқушылар құрметті дәрежемен бірге, еліміздің елордасына саяхат жасауға жолдама алды. Бұл туралы Жұмыспен қамту және балалар шығармашылығының қалалық орталығынан мәлім етті.
«Ең жақсы сынып» қалалық байқауы 2011 жылдың мамыр айында басталған болатын. Іріктеу кезеңінде балалардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы, бос уақытты өткізудегі мазмұндылық, шығармашылық тапсырмаларды орындау, оқу үлгерімі және спорттық дайындық шарттары бойынша бағаланды.
Жыл бойына қаланың 25 мектебінен 26 сынып «үздік» атануға күш-жігерлерін салды. Ақтық сынға 5 сынып шықты.