2012 жылы ауылдық жерлерде 33 млн. теңгеден астам сомаға ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 151 жоба іске асырылмақ

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет дайындаған «Ақ бұлақ» бағдарламасы халықты сапалы ауызсумен қамтудың жаңа жолдарын қарастыруда, деп хабарлады pm.kz сайтынан.

2012 жылы ауылдық жерлерде 33 млн. теңгеден астам сомаға ауызсумен қамтамасыз ету бойынша 151 жоба іске асырылмақ

Қазақстан тұщы судың жер астындағы мол қорына және барлау жұмыстарына қажетті ресурстарға ие. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету дүниежүзі бойынша өткір тұрған проблема.

«Ақ бұлақ» бағдарламасында жерасты суларының ресурстық әлеуетін кең пайдалану, су шаруашылығы секторына жекеменшік капиталды молынан тарту және сумен жабдықтаудың жаңа нысандарын салуды жүйелі жоспарлау қарастырылған.

«2017 жылға қарай қалалардың бәрі орталық сумен жабдықтаумен 90 пайыз қамтамасыз етіледі, 30 мыңнан астам коммуналдық желі қайта жаңғыртылады. Біздің елімізде коммуналдық істер бойынша ешқашан мұндай көлемде жұмыс жүргізілген емес», деп мәлім етті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XIV съезінде сөйлеген сөзінде.

«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 238 млрд. теңге сома қаржы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға, су шаруашылығы жүйелері мен гидротехникалық құрылғыларды тексеруге, іздеу-барлау жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын болады»,- деп мәлім еткен еді бұған дейін Премьер-Министр Кәрім Мәсімов.

Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттігінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда қалалық жерлерде сумен жабдықтау жүйесінің 72 жобасы және су бұру жүйесінің 19 жобасы жүзеге асырылуда.

Оған қоса, ауылдық жердерде 268 нысанда құрылыс-құрастыру жұмыстары жүргізілуде, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 142 жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.

Бүгінгі таңда қалалық жерлерде 714 шақырым су құбыры желісі және 59,6 шақырым кәріз желісі жаңартылып отыр.

2012 жылға 43 184 205 мың теңге сомаға қалалық жерлерде сумен жабдықтау және су бұрудың орталықтандырылған жүйелерін салудың және қайта жаңартудың 102 жобасы, 33 897 263 теңге сомаға ауылдық жерлерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 151 жобасы жоспарланып отыр.