2012 жылы мал шаруашылығын субсидиялау көлемін арттыру көзделіп отыр - вице-министр

«Қазақстанда мал шаруашылығын қолдау үшін 2011 жылы республикалық бюджеттен 23,9 млрд. теңге субсидия бөлінді. Оның 5,1 млрд. теңгесі асыл тұқымды мал шаруашылығына, 18,8 млрд. теңгесі мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға бағытталды. Субсидияның көлемі жыл сайын артып отырғанын атап өту керек. Мәселен, 2012 жылы аталмыш бағытқа субсидияның көлемі 30 млрд. теңгені құрайтын болады», - деді ол.
М.Өмірияев атап көрсеткендей, өңірлер бойынша жасалған талдаудың нәтижесі, субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарлама тиімді жүзеге асып отырғанын көрсетті және өзінің оң нәтижесін беріп келеді. «Нақты айтқанда, асыл тұқымды мал басы көбейді және малдардың жалпы санына шаққанда олардың үлес салмағы артты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер шығарып отырған мал шаруашылық өнімдердің көлемі артты», - деді вице-министр.
Онымен бір мезгілде, ведомство өкілінің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылық малдарының өнімділігі әлі де төмен күйінде қалып отыр. Мәселен, 2011 жылдың нәтижесі бойынша, өнімділік - 1 сиырға 2 мың литрден сәл асады. Дамыған елдерде бұл арақатынас 1/6-7 мың литрді, Ресейде 1/4 мың литрді құрайды, ал Украина 1/5 мың межесіне жақындауда. «Бұл бағытта бізге талай жұмыс істеу қажет», - деп түйіндеді М.Өмірияев.