2012 жылы СҚО-да 1400-ден астам адам жұмысқа орналастырылып, 500-ден астамы қайта оқу дайындығынан өтетін болады - Серік Біләлов

Премьер-Министрдің pm.kz сайтында хабарланғандай, кездесуде облыстың 2011 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары шығарылды және Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауын іске асыру тұрғысынан 2012 жылдың міндеттері айқындалды.
Аймақтың жалпы өңірлік өнімі 500 млрд. астам теңгені құрады, экономиканың өсімі 7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 350 млрд. астам теңге болды. Облыстың өнеркәсіптері 164 млрд. теңгенің өнімдерін өндіріп және қызметтерін көрсетіп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 29 пайызға өсіп, 69 млрд. теңгені құрады.
2011 жылы облыс бюджеті мақсатты трансферттерді қоса есептегенде 95 млрд. теңгені құрады. Бұл қаржының қомақты бөлігі әлеуметтік салаға, атап айтқанда білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы даму бағдарламаларын іске асыруға жұмсалды.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асырудың аясында 5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. 15,5 мың тұрақты жаңа жұмыс орны құрылды.
Оған қоса, еңбек ресурстарының жинақылығын арттыру мақсатында облыстың барлық ауданында 2011 жылдан бері 222 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Тұрғындармен болған есеп беру кездесуінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов 2012 жылы өңірдің алдында тұрған міндеттерді айқындады.
Әкім «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бірінші кезекте тұрған міндеттердің бірі екенін атап көрсетті.
«1400-ден астам адамды жұмыспен қамту және 500-дей адамды қайта оқыту жоспарлануда. Жеңілдетілген несие беруге былтырғыдан 3 есе көп қаржы (600 млн. теңге) бөлініп отыр. Адамдарды әлеуеті жоғары елді мекендерге қоныс аудару мақсатында салынып жатқан үйлердің құрылысына 1 млрд. астам теңге қарастырылған», - деп хабарлады С.Біләлов.
Оған қоса, облыстың алдында қолжетімді баспана салу, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, Индустрияландыру картасының жобаларын жүзеге асыру міндеттері тұр.
Бұлармен қоса, әкім ТКШ саласын жаңғырту, көлік инфрақұрылымын, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту жөніндегі жоспарларға ерекше назар аударды.