2014 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда шығарылатын көліктерге Еуро-4 экологиялық стандарты қолданылады

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Экокөлік, экосәулет» тақырыбындағы семинарда ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль көлігі департаментінің сарапшысы Молдабек Әбденов мәлім етті.
«Бүгінгі семинар Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға байланысты өтіп жатыр. Сондықтан біздің министрлік осы мәселелерге арналған Еуро-4 экологиялық стандартын енгізу тұсаукесерін өткізуде. Еуро-4 экологиялық стандарты Қазақстанға импортталатын автокөліктер үшін осы жылдың 2-ші жартыжылдығында басталады. Ал Қазақстанда шығарылатын автокөліктерге 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аталған стандартқа көшу ескірген көліктерді жаңартуға мүмкіндік беріп, көліктердің қозғалысынан шығатын зиянды қалдықтар көлемін төмендетуге септігін тигізеді.
Қазіргі таңда Қазақстанда жыл сайын 1 млн. 300 мың тонна зиянды қалдықтар мен 14 млн. тоннаға жуық парникті газдар шығарылады. Жоғарыда аталған зиянды қалдықтардың 60 пайызы көліктердің еншісінде. «Ал Алматы қаласында бұл көрсеткіш 80 пайыздан асып отыр. Жалпы, 2012 жылдан осы уақытқа дейін зиянды қалдықтар шығарындылары үшін салынған айыппұл көлемі 857 мың теңгені құрайды»,- деді М.Әбденов.