2014 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет жобасы мақұлданды - Мәжіліс
Ағымдағы жылғы бюджетті нақтылау бірқатар себептерге қатысты болып табылады. Атап айтқанда, бұған тауар нарықтарындағы әлемдік бағаның өзгеруі үдерістері, долларға қатысты теңге бағамының түзетулері мен елімізде қалыптасқан негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының өзгеруі себеп болып отыр. Бұл ретте Үкімет ағымдағы жылдың мұнай бағасын барреліне 95 доллар болып айқындайды, ал жалпы ішкі өнімнің өсу болжамы алты пайызға шамаланған. Ағымдағы жылы елімізде өндірілетін мұнай көлемі 83 млн. тоннаны құрайтын болады. Ал инфляция деңгейі жыл соңына дейін 6-8 пайыздық дәлізде сақталмақ. Осындай макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде Үкімет бюджетке өзгерістер енгізіп отыр. Соған орай, 2014 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің нақтыланған болжамы 4 трлн 361 млрд 154,2 млн теңгені құрайтын болады. Бұл ретте кірістердің түсіміне оларды ұлғайтатын да, азайтатын да факторлар ықпалын тигізетін болады. Ал бюджет шығыстары бұған дейін бекітілген 408,7 млрд теңгеге артып, 7 трлн 124 млрд 777 млн. теңгені құрайтын болады. 2014 жылғы бюджет тапшылы 918,6 млрд. теңгені немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызына тең болады. «Тұтастай алғанда нақтыланып отырған бюджеттегі қосымша қаражат Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауында, сонымен қатар Үкіметтің кеңейтілген отырысында жүктеген тапсырмаларын іске асыруға бағытталады. Оның ішінде ағымдағы жылдың сәуірінен бастап бірқатар әлеуметтік мемлекеттік жәрдемақыларды, зейнетақыларды арттыру көзделеді», дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында нақтыланған бюджет жобасында 121,6 млрд. теңге бөлу көзделеді. Оның ішінде зейнетақылық және әлеуметтік жәрдемақылар төлемдеріне 53,4 млрд. теңге көзделеді. Ал мемлектетік білім беру тапсырысы шеңберінде оқитын студенттердің шәкіртақысын 10 пайызға арттыру үшін бюджеттен қосымша 4,7 млрд. теңге қаражат қарастырылады.