2014 жылға дейін елімізде 294 инвестициялық жоба іске асырылып, 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылады - Н. Назарбаев
АНА 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - 2014 жылға дейін елімізде жалпы сомасы 8,1 трлн. теңгені құрайтын 294 инвестициялық жоба іске асырылып, 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 152 кәсіпорынның ашылғанын, 24 мыңдай қазақстандық азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгенін айтқан Президент: «2014 жылға дейін біз сомасы 8,1 трлн. теңге құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, 207 мың жұмыс орны құрылыс мерзімі кезінде ашылатын болады. Елімізді индустриялық дамытудың бірінші бесжылдықтың қорытындысы бұл - экономиканың нақты секторының есебінен экономикалық өсудегі құрылымдық өзгерістердің басталуы», - деп атап көрсетті.