2014 жылға дейін еліміздің 80 көліктік бақылау бекеті автоматты жүйеге ауысады - А. Жұмағалиев

Тоқтала кететін жайт, жобаны талқылау барысында депутат Розақұл Халмұрадов Кеден одағы аумағына кіретін, шығатын көліктерге қатысты мәселе көтеріп, көліктік бақылау бекеттерінде сыбайлас жемқорлықтың орын алу мысалдарын алға тартқан еді.
Өз кезегінде Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев, бүгінгі таңда еліміздің көліктік бақылау бекеттерінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін бейне-қондырғылар, диктафондар орнатылып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, әлгіндей шаралар арқасында бюджетке түсетін салық пен жиындардың мөлшері айтарлықтай артқан. «Бұдан бөлек, біз «ситуациялық орталық» қалыптастырдық. Онда жүк тасымалы, транзит пен автокөлік жолдарындағы заңсыздыққа жол бермеу шаралары қаралады. Әрине, бұндай жан-жақты жарақтанған бекеттердің саны аз, олар 12-і ғана. Дегенмен, халықаралық тәжірибені саралай келе біз алдағы уақытта көліктік бақылау бекеттерін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, еліміздің шекарасындағы 80 бекет 2014 жылға дейін автоматтандырылады. Оның ішінде биыл 12 бекет, 2013 жылы 30 бекет автоматтандырылады. Бұл шекарадағы көлік транзиті мен жүк тасымалындағы адами факторлардың жолын кесетін болады», - дейді министр А. Жұмағалиев.