2015 жылдың 11 айында Қазақстандағы санавиация 2 мыңнан астам ұшырылым жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Медициналық қызмет көрсету мақсатында Республикалық санитарлық авиация орталығы 2015 жылдың 11 айында 2020 ұшырылым жасады.
None
None

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ұшырылымдар саны 281-ге немесе 14 пайызға артты. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарланды.

«Санавиация мамандары аталған мерзім ішінде 2539 медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде 1962 науқас тасымалданып, 441-іне кеңес берілді және 136 ота жасалды. Астана қаласынан 557, Алматыдан 205, аймақтардан 1244 рет ұшақ ұшырылып, аймақаралық 14 ұшырылым жасалды»,-деп атап өтілген ведомство хабарламасында.

Сонымен бірге, осы мерзімде шетелдік емханалар мен медициналық ұйымдардағы ҚР азаматтары Астана және Алматы қалаларына емдеу шараларын жалғастыру үшін тасымалданды. Бангкоктан (Тайланд) және Сеулден (Оңтүстік Корея) - 2 ұшырылымнан, Бейжіңнен (Қытай), Омбы, Екатеринбор қалаларынан (РФ), Кельннен (Германия), Киевтен (Украина), Бали аралынан (Индонезия) - 1 ұшырылымнан жасалды.

Санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары балалар жасындағы патология, жарақаттанушылық, қайғылы оқиғалар және уланулар, қан айналымы жүйесі аурулары, жаңа туған нәрестелердің патологиялары және өзге де аурулар бойынша медициналық көмек көрсетті.

Сонымен бірге, 2015 жылдың 11 айында санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары жол-көлік апатынан зардап шеккен 234 адамға медициналық көмек көрсетті. Ал 2014 жылдың 11 айында жол-көлік апатынан зардап шеккен 171 азаматқа медициналық көмек көрсетілген болатын. Республика бойынша есептік кезеңде жедел медициналық көмек 136 науқасқа көрсетілді, бұл жалпы көрсетілген медициналық көмектің 6 пайызын құрады. Республикалық емхана дәрігерлері 45, аймақтық мамандар 91 ота жасады.

«Қазақстанда санитарлық авиация бригадаларының ұшырылымдары жыл санап артып келеді. Бұл - республиканың шалғай аймақтарындағы көмекке зәру адамдарға жедел, аса білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін дәлелдейді»,-дейді министрлік өкілдері.

Соңғы жаңалықтар