2015 жылдың желтоқсанына дейін заңдастырылған қаржының 10 пайыз алымы кері қайтарылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылдың желтоқсанына дейін заңдастырылған қаржыдан алынған 10 пайыз алым кері қайтарылады. Бұл туралы бүгін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіне қарасты Тәуекелдер, талдау және статистика басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Сағынаев мәлім етті.
«Заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін 81 млрд. теңге ақша заңдастырылған болатын бұл сома да декларацияланбайды. Яғни, олар заңдастырылған деп саналады және заңдастырылған субъектіні қалауынша басқаруға құқық бар. Егер, тіпті ол ескі заң ережелеріне сәйкес банктермен 5 жыл мерзімге сақтау туралы келісімшарт жасаса да қазіргі уақытта аталған келісімшарттар банктермен қайта қаралған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, бұл өткізіліп отырған акцияның мақсаты ел бюджетін толықтыру емес.
«Бүгінгі күні 2014 жылдың қыркүйегінен бері алынған 10 пайыздық алым көлемі 3,2 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 3,1 млрд. теңгесі заңдастырылған ақшанікі. Заң талаптарының өзгеріске ұшырауына байланысты 2015 жылдың желтоқсанына дейін мүліктерін заңдастырғандардың бұл сомасы заңдастыру субъектілеріне қайтарылатын болады», - деді Е.Сағынаев.