2015 жылға қарай Қазақстан ауруханалары «қағазсыз» жүйеге ауысады

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат -Қазақстанда іске асырылып жатқан денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру жобасы 2015 жылы аяқталады.

2015 жылға қарай Қазақстан ауруханалары «қағазсыз» жүйеге ауысады

Бұл туралы Премьер-министрдің ресми сайтында хабарланды.

Келтірілген ақпаратқа қарағанда, Ақмола облысы және Астана қаласы «қағазсыз» аурухана жүйесіне ауысқан. «Дүниежүзілік банк ауруханаларды ақпараттандыру жөніндегі үлкен жобаны жүзеге асыруда. Жұмыс 2013-2014 жылдары жақсы жүргізілсе. 2015 жылға қарай жаңа жүйеге толық ауысып аламыз», - дейді вице-премьер Ербол Орынбаев.

Вице-премьердің айтуынша, ақпараттандыру процесі барлық өңірдің облыстық ауруханаларында жүргізіледі. «Бір облысты немесе облыстың барлық негізгі ауруханаларын таңдау туралы екі нұсқа болды. Нәтижесінде біз, алдымен облыстың бас ауруханасын жаңа жүйеге ауыстырамыз және 2015 жылға дейін қалған ауруханаларды «қағазсыз» жүйеге өткіземіз деп шештік», - дейді Е.Орынбаев.