2015 жылы Қазақстанда тарифтiк саясат өзгередi
Бұл туралы бүгiн Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнiң төрағасы Мұрат Оспанов мәлiм еттi.
Айта кетейiк, бүгiн Үкiмет отырысында тарифтiк саясатты жетiлдiру тақырыбы қаралды.
«Инвесторлар инвестициялық жобаны iске асыру барысында тарифтердiң өзгеруі тәуекелдерiне тап болады. Осыған байланысты жаңа тарифтiк саясатты реттеудiң ұзақмерзiмдi өлшемдерін енгiзу қарастырылған. 2015 жылдан бастап, Қазақстандағы барлық табиғи монополиялар субъектiлерi 5 жыл мерзiмге ұзақмерзiмдi тарифтердi құрып отыратын болады. Оған қоса, тарифтердiң құны жоғарыламайды», - деп атап өттi ол.
Оның айтуына қарағанда, жаңа әдiстер тарифтердiң болжалды болуын қамтамасыз етедi. Осылайша елге келуге ниет танытатын инвесторлардың саны артады. Сонымен қатар елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға табиғи монополиялар субъектiлерiнiң тиiмдi iстеуi тiкелей әсер етедi.