2015 жылы ШҚО-да 324 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы ШҚО-да 324 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 мың шаршы метрге (4%) артық. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың қатысуымен өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 46 млрд. теңгені құрайтын 81 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Биыл оның 38-і (3586 пәтер) қолданысқа беріледі. Олардың ішінде несиелік - 7, жалдамалы - 17, коммерциялық - 10 және өзге бағыттағы 4 тұрғын үй бар. 2016 жылы бұдан басқа 220,3 мың шаршы метрге арналған 29 үй қолданысқа беріледі.
«Тұрғын үй құрылысын дамыту бағыттарының бірі - ішкі ресурстарды тарту арқылы тұрғын үй құрылыс жинақтарын жеңілдікпен несиелеу тетіктерін қолданып, тұрғындардың жинақтарын құрылысқа жұмсау. Облыс бойынша 20,5 млрд. теңге жинақтары бар 67 мың адам «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның салымшылары болып табылады. Бұл қаржы тұрғындарға «Қолжетімді баспана» бағдарламасы, Ұлттық қор қаржысы, «Ертіс» ӘКК және жеке инвесторлар арқылы баспана алуға мүмкіндік береді», - дейді әкімдік өкілдері.
Атап айтқанда, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 14,9 млрд. теңгені құрайтын 81 көппәтерлі тұрғын үйдің 23-і бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Олардың ішінде Өскемен қаласы бойынша - 17 (6-ы тоқтап тұр), Семей қаласында - 6 үй. Бұл жалпы құрылыс көлемінің үштен бір бөлігі.
Мұнымен қоса, 9 үйді «Ертіс» ӘКК салып жатыр. Олар пәтерлерді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына береді, ал қайтарылған қаржылар жаңа үйлердің құрылысына қайта жіберіледі.
Аталмыш шаралар баспана алу кезегін төмендетуге, құрылыс индустриясын және көлік, қызмет көрсету және экономиканың басқа салаларын дамытуға мүмкіндік береді.
«Бұдан басқа, 6,5 млрд. теңгеге 15 коммерциялық үй салынып жатыр. Оның 10-ы биыл, қалған бесеуі 2016 жылы қолданысқа беріледі. Әлеуметтік нысандар құрылысының желісі дамып келеді. Жыл басынан бюджет қаржысына облыста 12,6 млрд. теңгені құрайтын 64 нысан салынды. Биыл олардың 45-і қолданысқа беріледі (16 мектеп, 5 балабақша, 11 денсаулық сақтау нысаны, 3 спорт нысаны, облыстық драма театр және т.б)»,-делінген ШҚО әкімдігі мәліметінде.