2015 жылы тау-кен саласында 6 жоба iске қосылады - Б. Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы тау-кен саласында 6 жоба iске қосылады. Бұл туралы бүгiн елордада «Astana Mining & Metallurgy 2015» VI Халықаралық Тау-кен және Металлургия Конгресі барысында ҚР Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлiм еттi.

2015 жылы тау-кен саласында 6 жоба iске қосылады - Б. Сағынтаев

«Тау-кен саласы Қазақстан ЖIӨ-нiң үштен бiрiн құрайды. Шамамен 19 пайызын қамтамасыз етедi. Бұл салада 300 мыңға тарта адам жұмыс iстейдi. Металл нарығындағы бағалардың құлдырауына, экспорттық көрсеткiштер төмендегенiне және валюталардың ауытқуына қарамастан, Қазақстан тау-кен кешенiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн сақтап қалатын шараларды қолға алуда. Бiзде 2010-2014 жылдарға арналған ҚР үдемелi инновациялық-индустриялық даму бағдарламасы бар. Оның арқасында тау-кен саласында 2,5 млрд. долларға жаңадан 60 кәсiпорын iске қосылды. Шамамен 16 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл тағы 6 жобаны пайдалануға беремiз деп жоспарлаудамыз», - дедi ол.

Б. Сағынтаевтың сөзiне қарағанда, тау-кен саласын дамытуға арналған шаралар ары қарай да қолға алынатын болады.

«Экономиканы әртараптандыру мақсатында ҚР Президентi 2015-2019 жылдарға арналған үдемелi инновациялық-индустриялық даму бағдарламасын қабылдады. Онда қара металлға басымдық берілген. Ең басты мәселе қолда бар кәсiпорындардың қуатын арттыру, жаңа өндiрiстердi ашу, еңбек өнiмдiлiгiн көбейту, инфрақұрылымды қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларға қажеттi инфрақұрылымдарды дамыту, экспорт пен iшкi нарықтағы сұранысты арттыру. Ол үшiн бiз әрдайым инвестициялық тартымдылықты күшейтудi жалғастырып келемiз. Инвесторларды тарту үшiн заң жағынан ынталандыру шаралары жасалды. Инвестициялық шарттар жеңiлдетiлдi, инвестициялық жеңiлдiктер қарастырылды», - деді ол.

«Қолға алынған шаралардың арқасында биылғы жылы 5 айдың iшiнде былтырғы жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда, металл қазбасы 63 пайызға, металлургиялық өнiмдердi шығару көлемi 15,6 пайызға артты», - деп атап өттi бiрiншi вице-премьер.