2016 жылға дейін шешім қабылдау деңгейіндегі қызметтердегі әйелдердің үлесі 30 пайызға жетеді - Г.Әбдіхалықова
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2016 жылға дейін шешім қабылдау деңгейіндегі қызметтердегі әйелдердің үлесі 30 пайызға жетеді.
Бұл туралы бүгін Астанада мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған семинарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті.
Г.Әбдіхалықова атап көрсеткендей, Қазақстанда Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей қолдау көрсетуімен мемлекеттік саясаттың бұл бағытына аса мән беріледі. Мәселен, демография мен гендерлік тепе-теңдік мәселелері «Қазақстан 2020» және «Қазақстан 2030» стратегияларына енгізілді. ТМД-ның бірде-бір елінде жоқ, тіпті Еуропаның жекелеген елдерінде ғана бар - гендерлік тепе-теңдікке қатысты жеке стратегия қабылданды. Ол 2006-2016 жылдарға бағытталған. Сонымен бірге Қазақстан көптеген халықаралық конвенцияларға қосылды.
Нәтижесінде, Парламенттің бұған дейінгі шақырылымдарында әйелдердің үлесі саусақпен санарлық қана болса, қазір Мәжілісте - 19, Сенатта 2 әйел депутат бар.
«Өкінішке қарай, облыстарды басқаратын әйел әкімдер жоқ және болған да емес. Дегенмен, 4 облыс әкімдерінің орынбасары, 3 аудан әкімдері, 11 ауылдық округтер әкімдері бар. Сондай-ақ, Үкімет құрамында үш әйел министр, төрт вице-министр бар. Жалпы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 58 пайызды құрайды. Оның 10 пайызы шешім қабылдау деңгейдегі лауазымдарға ие», - деді статистикаға тоқталған Г.Әбдіхалықова.