2016 жылы СҚО-да 21 мыңнан астам ірі қара сатып алу жоспарланып отыр (ФОТО)
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биылғы жылы 21 мыңнан астам ірі қара мал сатып алу жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында СҚО Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Омаров айтты.
«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының аясында 2015 жылы 969,2 тонна ет экспортталды. Мал шаруашылығын дамыту аясында 2015 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 3 794 бас ірі қара мал, «Құлан» бағдарламасы бойынша 1595 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 5475 бас қой сатып алынды», - деді Қ.Омаров мәлімдемесінде.
Осының барлығы агроқұрылымдардағы ірі қара мал санының 14,7 пайызға өсуін қамтамасыз етіп, сүт өндірісін 6,5 пайызға, жұмыртқа өндірісін - 7,5 пайызға өсіруге мүмкіндік берді.
«Ағымдағы жылы мал санын арттыру және ауылшаруашылық өнімдерін шығару көлемін өсіру жұмысы жалғасады. Ет өндірісін 93 мың тонна, сүт өндірісін - 510 мың тонна, жұмыртқа шығаруды - 601 млн. данаға дейін, немесе 3 пайызға дейін өсіру жоспарланып отыр. 21 мыңнан астам ірі қара мал басын сатып алу жоспарланды», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, биылғы жылы Тайынша ауданындағы «Вишневское» ЖШС және «Тайынша Астық» ЖШС-да әрқайсысы 3 мың орындық бордақылау алаңдарының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.