2017 жылы ОҚО мен Жамбыл облыстарының шекарасындағы тоннель құрылысы аяқталады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Б.Атамқұлов ҚР Инвестициялар және даму министрлiгi Автомобиль жолдары комитетiнiң төрағасы М.Пiшембаевпен кездестi, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
Басқосуда ведомство жетекшiсi «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы мен «Жiбек жолы» шекара өткелi, Шақпақ ата тоннелiнiң құрылыс учаскелерiндегi жұмыстардың барысы, Төрткүл, Шәуiлдiр, Арыстанбаб және Абай ауылы (Сарыағаш ауданы) учаскелерiндегi жөндеу қарқыны туралы баяндады.
2017 жылдың екiншi тоқсанында Оңтүстiк Қазақстан және Жамбыл облыстарының шекарасындағы тоннель мен «Жiбек жолы» шекара өткелi бойындағы автомагистраль жолайрығының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Облыс әкiмi Мақтаарал ауданының дамуы үшiн маңызды жол болып табылатын Сарыағаш-Қызыләскер (72 шақырым) тас жолының құрылысы туралы айтып, оған алдағы екi жыл көлемiнде басымдық берiлетiнiн жеткiздi.
Облыс басшысының басты назарындағы кезектi жоба Шымкент қаласының орамды айналма жолы екенiн айта кеткен орынды. Сонымен қатар, әкiм өңiрде зиярат ету туризмiн дамытуға үлкен үлесi бар Арыстанбаб-Түркiстан қатынас жолы учаскесiн күрделi жөндеуден өткiзу қажеттiгiн атап өттi.
Сондай-ақ, әңгiме барысында заманауи жол бойында қызмет көрсетудi дамытудың мәселелерi қозғалды.