2018 жылы ауылдық аймақтарды қаржыландыру көлемі артады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы жылы ауыл тұрғындарын қаржыландыру жалғасады. Бұл туралы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2018 жылы ауылдық аймақтарды қаржыландыру көлемі артады

«Биыл 10 айда Қор жалпы сомасы 45 млрд теңгеге 12 мың несие берді. Оның ішінде Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 16,4 млрд теңге, бюджеттік бағдарламалар - 22,4 млрд теңге, сондай-ақ 6,2 млрд теңге Қордан және жергілікті бюджеттен қамтылды. Өткен жылмен салыстырғанда несиелеу көлемі 10 млрд теңгеге өсті»,- деді Омаров Ауыл шаруашылы министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның атап өтуінше, Қордың несиелерінің көмегімен биылғы 10 ай ішінде 158 сүт қабылдау орталығы, 67 мал сою бекеті, бордақылауға 98 мың бас ірі қара мал сатып алынды. Сонымен қатар 51 сүт тасымалдау көлігі мен 40 рефрижератор сатып алуға қолдау жасалды.

«Бүгінде Қордың тарихында алғаш рет несие қоржыны 100 млрд теңгеден асып, 104 млрд теңгеге жетті. Белсенді түрде қарыз алушылардың саны 44 мыңнан асты. Осылайша, соңғы бес жылда несие қоржынының көлемі 5 есеге, қарыз алушылар саны 3 есеге, қаржыландырудың жыл сайынғы сомасы 4 есеге өсті. Алдағы жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ауыл тұрғындарын қаржыландыру жұмыстары жалғасатын болады. Осы орайда 45 млрд теңгеден астам сомаға займ беру жоспарлануда», - деп нақтылады Жандар Омаров.

Бұл тұрғыда ол қаржыландыру көлемі артуы мүмкін екенін атап өтті.

Бүгінде аталған Қордың ауыл шаруашылығын қолдау бойынша несиелік желісі бірқатар бағыттарды қамтып отыр. Оның арасында «Береке», «Игілік», «Ырыс», «Егінжай», «Кәсіпкер», «Қарқынды алма бақтары» секілді бағдарламалар ескерілген. Осылар бойынша займдар сомасы орташа алғанда 4 млн теңге, сонымен қатар несиелеу мерзімі 7 жылға дейін.

Биыл Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қатысуымен 18 500 жеке қосалқы шаруашылықтың бірігуімен 528 кооператив құрылды. Кооперативтер мен олардың қатысушыларын қаржыландыруға 25 млрд теңге бағытталды.

Айта кетейік, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «ҚазАгро» холдингі құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым.