2018 жылы Қазақстан нарығы отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілуі тиіс - Н.Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы Қазақстан нарығы отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгін "Нұр Отан" партиясының кезектен тыс 17-ші съезінде сөз сөйлеген ҚР Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

2018 жылы Қазақстан нарығы отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілуі тиіс - Н.Назарбаев

"Біздің мұнай-газ секторымыздың бәсекеге қабілеттігін арттыру бойынша шараларды қабылдау маңызды. Біз: "мұнай-газ секторы - ең бай, барлығы да сонда жұмыс істеуі керек, міндетті түрде соған ілігу керек", дейміз. Қазір ол жаққа ілігудің қажеті жоқ. Ол жақта басқаларға қарағанда жағдай жаман. Аграршылардың жағдай жақсы. Қараңыздаршы, өткен жылы мұнайдың баррелі 135 доллар болса, қазір 30-ға де жетпейді. Демек, төрт есе кеміген. Сәйкесінше, айлық та төмен болып отыр", - деді Елбасы.

Сондықтан Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеспен айналысуға кеңес бере келе, мұнай-газ саласындағы еңбек өнімділігін арттыру қажеттігіне баса назар аударды.

"Біздің ірі кен орнымыз Қашағаннан коммерциялық мұнай өндіру басталады деп күтіп отырмыз. Қара теңіз арқылы мұнай экспорттау үшін Каспий құбыры консорциумын кеңейту қажет. Теңізшевройды кеңейту де қосымша өндірілген көлемді береді. Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырының құрылысы аяқталады. Сондықтан да мен 2018 жылы біздің отандық нарықты отандық мұнай өнімдері бензинмен, дизель отынымен, авиакеросинмен және газбен толық қамтамасыз етуді тапсырдым. Барлық мүмкіншіліктер бар және біз осы бағытта жұмыс істеудеміз", - деді Н.Назарбаев.

Сонымен қатар Елбасы мұнайды қайта өңдейтін кәсіпорындарға коммерциялық қызметтерді қайта беру маңыздылығын атап өтті.