2019 жыл қорытындысы: Әлемдік басты оқиғаларға шолу

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан 2019 жыл әлемдік саясат, ғылым, техника және спорт салаларында елең еткізер оқиғаларға толы болды. Оқиғалар арасында әсіресе алпауыт елдердегі саяси, құқықтық процестер қалың жұршылықтың ерекше назарында болды. Атап айтқанда, жыл барысында ең көп талқыланған тақырыптар - Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуы қадамдары, Гонконгтегі ереуіл, АҚШ президенті импичменті. Айтпақшы, биыл допинг дауы айналысында туындаған мәселелер жаңа қарқын ала бастады. Жыл соңына қарай Ресейді төрт жылға ірі халықаралық турнирлерге қатыстырмауға байланысты шешім шығарылды.
None
None


Айта кететін мәселе, биыл Қазақстан Парламентінде допингке қарсы тәртіпті қатаңдату туралы құжат егжей-тегжейлі талқыланды. Бұдан бөлек, қазіргі кезде әлемде Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың айналысында қызу пікір алмасулар жүріп жатқан белгілі. Себебі бұл құжат қарулану үрдісін тежеуге ықпал еткен маңызды тетіктердің бірі болған еді. Осы орайда «ҚазАқпарат» агенттігі 2019 жылды қорытындылай келе, әлемдегі басты деп саналатын жеті оқиғаны тізбектеп, оқырман назарына ұсынуды жөн көреді.

Ұлыбританияның ЕО-дан шығу процесі

Желтоқсанда Ұлыбритания Brexit үрдісінің болашағын айқындады, алайда бұған Лондон үшін тұтас бір жыл уақыт керек болды.

Бастапқыда бұрынғы премьер-министр Тереза Мэй Қауымдар палатасын 29 наурызға дейін ЕО-дан шығу туралы шартты мақұлдатуға көндіре алмады. Осыдан кейін Т. Мэй Brexit-ті 31 қазанға дейін шегеруге мәжбүр болып, өзі де отставкаға кетті.

Оның орнына келген Борис Джонсон Еуропалық Одақпен жаңа келісімді бекітті, алайда парламентте құжатты мақұлдата алмады. Осы орайда Б. Джонсон Брюссельден шығу мерзімін 2020 жылғы қаңтардың соңына дейін ұзартуды сұрауға мәжбүр болды.

Сонымен қатар, ол мерзімінен бұрын парламенттік сайлауды тағайындап, оның қорытындысы бойынша консерваторлар өздерінің соңғы 30 жылдағы үздік көрсеткішіне қол жеткізді. Сайлаудан кейін бір аптадан соң, яғни 20 желтоқсанда Қауымдар палатасы 2020 жылдың 31 қаңтарында елдің ЕО-дан шығатыны туралы заң жобасын мақұлдады. Ендеше, Brexit биыл ғана емес, келесі жылдың да басты жаңалығы ретінде қала беертіні анық.

Зымырандарды жою туралы шарт

2 тамызда АҚШ бастамасы бойынша Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың күші жойылды. Естеріңізде болса, қарулануды тоқтатудың қадамы ретінде 1987 жылы бұл құжат АҚШ пен СССР арасында жасалған еді.

Вашингтон 2014 жылдан бері ресми Мәскеуді осы шарттың талаптарын бұзды деп айыптап келді. Бұған Ресейде «Искандер» кешені үшін құрлықта орналасқан зымыранның дайындалуы себеп болды. РФ жағы бұл айыптаулармен келіспейтінін айтып ақталуда.

Бірқатар елдер, оның ішінде Қазақстан бұл мәселеге қатысты өзінің алаңдаушылығын білдірді. Өйткені осы жағдайда державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін.

Гонконгтегі ереуіл

Маусымнан бері Гонконгте ауқымды наразылық акциялары жалғасып келеді. Ереуілге шыққандар Гонконгтегі құқық бұзушыларды құрлықтық Қытайға экстрадациялау туралы заң жобасына қарсы. Жарты жылда қалада 900-ден астам ереуіл болған.

Гонконг билігі құжатты қабылдауды кейінге қалдырды, алайда манифестанттар өздерінің талаптарын кеңейте түсті. Бұл ретте тұрғындар реформаларға үндеу жасап, тұтқындалған ереуілшілерді босатуды және әкімшілік басшысының қызметінен кетуін талап етті.

Наразылық акциялары ереуілшілердің полициямен қақтығысына жиі ұласып жатты. Құқық қорғау органдары 6 мыңға жуық адамды ұстады.

Айта кетейік, биыл қараша айының соңында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Гонконг қаласына барғысы келетін туристерге сәл кідіре тұруды сұраған болатын.

Допинг дауы

9 желтоқсанда Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі атқарушы комитеті тиісті шешім қабылдады. Енді алдағы төрт жылда Ресей ірі халықаралық турнирлерге, сондай-ақ Олимпиада мен әлем чемпионаттарына қатыса алмайтын болды.

Мұндай шешім жасауға ресейлік спортта ауқымды допинг жағдайлары себеп болып отыр. Бұл тұрғыда Ресей допингке қатысты мәліметтерге манипуляция жасады деп айыпталуда.

Ресейлік спортшылар 2020 жылы Токиодағы және 2022 жылы Бейжіңдегі олимпиадаларға РФ туының астында қатыса алмайды. Ресейлік спортшылар өздерінің допинг қабылдамағанын дәлелдей алса, халықаралық жарыстарға бейтарап ту астында шығуға мүмкіндіктері бар.

АҚШ президенті импичменті ісі

АҚШ өкілдер палатасы 18 желтоқсанда ел президенті Дональд Трамптың импичменті рәсімін бастау үшін дауыс берді.

Д. Трампқа Украина президентімен телефон арқылы сөйлесу кезінде Джо Байден мен оның баласы Хантерге қарсы тергеу амалдарын бастауға көндірмек болды деп күдік айтылуда.

Импичмент рәсімін Сенат өткізеді. АҚШ тарихында президентке қатысты импичмент рәсімі екі рет жүргізілді, яғни 1868 жылы Эндрю Джонсонге, ал 1998 жылы Билл Клинтонге. Осы екі істегі талаптар Сенатта жүзеге аспай қалды.

Қара құрдымның алғашқы фотосуреті

10 сәуірде еуропалық астрономдар өздерінің сенсациялық мәлімдемесін жасады. Олар «қара құрдымның» алғашқы суретін жариялады. Таратылған мәліметке қарағанда, оның салмағы Күннен 6,5 млрд есе ауыр екен. Суретке түсірілген қара құрдым М87 галактикасында, яғни Жер шарынан 50 млн жарық жылы қашықтықта орналасқан. Осыған дейін қара құрдым туралы түсініктің барлығы тек теория жүзінде болған еді, ал олардың көрінісі ғылыми гипотеза күйінде айтылып келді.

Барша ғылым әлемі үшін осынша маңызды жаңалықты жариялауға асыққан ғалымдар бірқатар қалада бір уақытта баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Атап айтқанда, Брюссель, Вашингтон, Сантьяго-де-Чили, Токио және Шанхай қалаларында ғалымдар бұл жаңалықты әлемге паш етті.

Boeing 737 Max ұшағының апаты

10 наурыз күні Аддис-Абебадан Найробиге қарай рейске шыққан Ethiopian Airlines әуе компаниясының Boeing 737 MAX 8 ұшағы Эфиопия астанасынан 60 шақырым жерде апатқа ұшырады. Оның салдарынан 157 адам көз жұмды. Ұшақ бортында 35 елдің азаматы бар еді.

Апаттан кейін бірқатар елдер, оның ішінде Қазақстан да Boeing 737 MAX 8 типті ұшақтарының ұшуын уақытша тоқтатты. Ұшақ апатына конструкциясындағы кемшіліктер мен бағдарламалық жасақтамадағы проблемалар себеп болуы мүмкін.

Осы оқиғадан кейін және аталған модельді пайдаланудан бас тартқан елдердің саны артуына байланысты Boeing акцияларының құны күрт құлдырады. Тіпті корпорация 2020 жылдың қаңтарынан 737 Max лайнерінің өндірісін тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдады. Жақында америкалық Boeing компаниясының басшысы Деннис Меленберг компания жасаған ұшақтардағы кемшілікке байланысты дау-дамайдан соң қызметінен кетті.



Соңғы жаңалықтар