2020 жылға дейін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен 350 мыңға жуық кәсіпкер қамтылады

АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Іскерлік байланыс» жобасы аясында шетелдік компаниялармен жалпы сомасы 1 млрд. теңгеден асатын келісімшарт жасалды.

2020 жылға дейін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен 350 мыңға жуық кәсіпкер қамтылады

Бұл туралы бүгін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының жүзеге асырылуына арналған баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Б.Саркеев мәлім етті.

«Біздің негізгі мақсатымыз - «Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен көптеген кәсіпкерді қамту. Бүгінде 30 мың кәсіпкерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бірақ та біз үшін бұл жеткіліксіз меже. Біздің келешекте, 2020 жылға дейінгі көздеп отырған межеміз 300-350 мыңға жуық кәсіпкерді осы бағдарламамен қамту», деді ол.

Оның атап өтуінше, сондықтан да Экономикалық даму және сауда министрлігі кәсіпкерлерге ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жан-жақты қолға алмақ.

Жалпы министрлік ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарласының қолдау шараларымен 30 мыңнан астам кәсіпкер қамтылған. Міне осы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде 132 мың жұмыс орны сақталып, жаңадан 19 мың жұмыс орны ашылған. Алдағы уақытта 3 мың жаңа еңбек орнын ашу жоспарлануда.