2020 жылға қарай еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі 80 пайызға ішкі нарық есебінен қамтамасыз етіледі

Бұрын қабылданған бағдарламаға қарағанда жаңа бағдарламада АӨК субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдайлар жасауға баса назар аударылғандығын баса айтқан Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: «Осылайша, отандық өндірушілер Кеден одағы және алдағы ДСҰ-ға кіру шеңберіндегі бәсекелестік күресте қажетті мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етіледі», - дейді.
Оның атап өтуінше, бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржылық сауықтыру, АӨК субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қолжетімділігін арттыру, АӨК субъектілерін мемлекеттік қамтамасыз ету жүйелерін дамыту, АӨК-ні мемлекеттік реттеу жүйелерінің тиімділігін арттыру сынды төрт бағыт бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Бағдарламаға сәйкес қаржылық сауықтыру АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыты болып табылады. Ол кредиттер мен жобаларды қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру, сондай-ақ, бар борыштарын өтеу үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерін қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет кредиттік жүктемені жеңілдетеді және көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қаржылық тұрақсыздығын болдырмайды. Сонымен қатар, АӨК субъектілерін қаржылық сауықтыру аясында қарыздар бойынша пайыздық ставканы субсидиялау жүзеге асырылады. Жалпы қаржыландыру сомасы 375,6 млрд. теңгені құрайды.
АӨК субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағыты ауқымында бірқатар міндеттерді шешу қажет. Ал оларды шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестициялық субсидиялар, қаржы институттары алдындағы АӨК субъектілерінің қарыздарын сақтандыру және кепілдік беру, екінші деңгейлі банктерді қорландыру сынды жаңа тетіктерді ұсынып отыр. Бұл ретте айта кетерлігі сыйақы ставкасын субсидиялау ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне және ауыл шаруашылығы үшін кредит беруге дейін кеңейетін болады.
Министрдің атап өтуінше, жаңа бағдарламаға сәйкес, өсімдік шаруашылығында тамшылатып суару жүйесін қолдана отырып, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірген кезде базалық субсидиялаудан жоғары норма бойынша субсидиялау нормативтерін саралау, тамшылатып суару жүйесін қолданумен шарттасқан бақшалар мен жүзімдіктер отырғызуға кеткен шығындарды субсидиялау, жай суару тәсілін қолданғанда төленетін 25 пайызға қарағанда тамшылатып суаруды қолданған кезде судың 1 текше метрін жеткізу тарифінің 80 пайызын субсидиялау жүзеге асырылады. Мал шаруашылығында аналық малдың 1 басына 4500 теңге субсидия төлеу жалғасады. «Бағдарламаның әрекет етуінің барлық уақытында жүзеге асырылатын осы бағытты іске асыру жөніндегі іс-шараларға 2 245,9 млрд. теңге көзделді. Бұл бағдарламаны қаржыландырудың барлық сомасының 68 пайызын құрайды. Оның ішінде 95,8 пайызы жергілікті атқарушы органдар, ал 4,2 пайызы Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы берілетін болады»,- деді А.Мамытбеков.
Оның айтуынша, бағдарламаның «АӨК субъектілерін мемлекеттік қамтамасыз ету жүйелерін дамыту» бағыты аясында фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін, ветеринарлық қауіпсіздік жүйесін және жайылымдарды сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамыту көзделеді. Бұл бағытты 2013-2020 жылдары жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 409 млрд. теңге қажет. Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күресудің қауіпсіз әдістерін енгізу шеңберінде мақтаның, көкөністердің, жеміс дақылдарының, жүзімнің және басқа да дақылдардың негізгі зиянкестеріне қарсы күресудің биологиялық әдістерін енгізу үшін нормативтер әзірленеді. 2014 жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мақтаны өңдеуге арналған биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын, 2016 жылдан бастап ашық және жабық топырақта өсірілетін көкөніс дақылдарын, бақша және жеміс дақылдарын өңдеуге арналған биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын арзандату жоспарлануда.
Бағдарламаны іске асыруға 8 жыл ішінде барлығы 3 122,2 млрд. теңге қажет болатындығын атап өткен министр: «Оны іске асырудың нәтижесінде Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеке өндіру көлемдерін 1,5 есе арттыру, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін адамға еңбек өндіргіштігін 3 есе жоғарылату, агроөнеркәсіп кешенінің өнімін өткізуден экспорттық табысты 20 пайызға арттыру, негізгі тамақ өнімдері бойынша азық-түлік қауіпсіздігін ішкі нарықтың 80 пайызы деңгейінде қамтамасыз ету, салаға 10 трлн. теңгеден астам жеке ақшалай қаражат тарту сынды макроэкономикалық тиімділіктер күтілуде», - дейді.
Министрлер кабинеті жаңа бағдарламаны бірауыздан мақұлдағаннан кейін сөз алған Үкімет басшысы Серік Ахметов мүдделі мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді. «Маңызды бағдарлама қабылданды. Мемлекет басшысы еліміздің ауыл шаруашылығын кең көлемде жаңғырту қажеттігін айтты. Оның бірінші қадамы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдау болуы тиіс еді. Бүгін біз осы маңызды тапсырманы орындадық. Енді бұл бағдарламаны біртіндеп әрі нақты жүзеге асыру қажет», - деді С.Ахметов. Осы орайда Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір айдың ішінде бағдарламаның әрбір бағыты бойынша нақты мақсатты индикаторлар жетістіктері мен жылдық көрсеткіштері көрсетілген шеберлік жоспарын әзірлеуді тапсырды.