2020 жылға қарай республика жолдарының 78 пайызының сапасы жақсарады

АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Таяуда Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жол саласындағы бірқатар кемшіліктерді атап, әсіресе құрылыс саласында жаңа технологиялар енгізу есебінен күрделі шығындарды арзандату әрі сапасын арттыру бойынша жұмыстардың нашарлығын сынап, нәтижесінде жаңадан салынған автожолдар пайдалануға берілгеннен кейінгі жылы-ақ қайта жөндеуді қажет ететіндігін баса айтқан болатын.

2020 жылға қарай республика жолдарының 78 пайызының сапасы жақсарады

Бүгін еліміздің Көлік және коммуникация министрлігінің ресми сайтында ведомство басшысы Асқар Жұмағалиев жол саласының бүгінгі жағдайын баяндап, қабылдаған іс-шаралар туралы мәліметтерді оқырман назарына ұсынды. Министрдің атап өтуінше, автомобиль жолдары саласында шешімін күткен мәселелер баршылық. Мәселен, еліміздегі жалпы жолдардың 33 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұдан бөлек жөндеу жұмыстарының сапасы, жолдарды күтіп ұстау мен жаңғыртуға қаржының жеткіліксіз бөлінуі, тасжолдарды бұзатын ауыр жүк көліктерінің көптігі, басқару құрылымы мен заңнаманың жетілдірілмегені және т.б. кемшіліктер орын алып отыр. «Әрине, біз қаржыландырудың тапшылығы туралы айтқанымызбен, 2001 жылға дейін автомобиль жолдары тіптен қаржыландырылған жоқ десе де болады. 2001 жылы бөлінген қаржыға 2,5 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары ғана жүргізілді. Онда да қолданыстағы жол желілерін ұстап тұру үшін орташа және шұқырларды жамау секілді жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. 2009 жылдан бастап бұл саланы қаржыландыру бірнеше есеге артты. Ағымдағы жылы біз 5898 шақырым жолға (оның 3485 шақырым республикалық маңызы бар жолдар) жөндеу жұмыстарын жүргіздік», - деді ол. А.Жұмағалиевтің жазуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп жатқан Көлік инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай еліміздегі жалпы қолданыстағы жолдардың 78 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізілетін болады. Сондай-ақ 29 000 шақырымнан астам жол жөнделетін болады. «Автожол саласындағы ең басты проблема ол - басқару құрылымы мен заңнаманың шикілігі. Осының салдарынан жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық қаупінің көрініс беруі туралы жиі айтылып жүр. Оған басты себеп - бақылау функцияларының бір жерге топтастырылғаны, яғни Автомобиль жолдары комитеті өзі тапсырыс береді, өзі бақылайды, өзі жұмысты қабылдайды. Біз өткен жылы мұндай басқару құрылымын түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдадық және қызметтерді қайта бөлдік. Нәтижесінде Автомобиль жолдары комитетінде стратегиялық жоспарлау, нормативтік және ғылыми қамтамасыз ету, сапа сараптамасын ұйымдастыру қызметтері ғана қалды. Комитет ендігі жерде қандай жолдарға қашан жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жоспарлайды, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының сапасын бақылайды. Ал, конкурстарды ұйымдастыру, мердігерлерді анықтау, жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстарымен «Қазавтожол» АҚ айналысатын болады. Бірақ, олар салынған жолдарды қабылдамайды, жүргізілген құрылыс жұмыстарын FIDIC халықаралық ережелері негізінде жұмыс істейтін арнайы инженерлік қызметтер қабылдайды. Бұл ережелерді біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы барысында қолдандық», - деді министр. Оның сөзіне қарағанда, FIDIC (инженер-консультанттардың халықаралық федерациясы) бойынша тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісім-шарттың үлгілік нұсқасы бүгінгі күні 80 елде қолданылады. Сондай-ақ халықаралық қаржы институттарының қаражатына жол құрылысын жүргізген жағдайда оларды қолдану міндетті болып табылады. FIDIC талаптарына сәйкес жобаны басқарумен айналысатын инженердің сәйкес еңбек тәжірибесі болуы шарт және ол конкурс негізінде таңдалып алынады. Ол жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасына толығымен жауап береді, барлық техникалық шешімдерді шұғыл түрде қабылдайды. Бір сөзбен айтқанда тапсырыс берушілерге жүктелген қызметтерді атқарады. FIDIC талаптары бойынша атқарылған жұмысқа ақы төлеу туралы шешімді инженер қабылдайды. Осылайша тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы байланысты болдырмайды. Тағы бір маңызды мәселе, FIDIC шарттарында құрылыс жұмыстары мезгілінде басталмаса, мерзімінен кешіктіріліп тапсырылса, жол төсемелерінің сапасы нашар болса және т.б. жағдайларда айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ, инженерлік қызметтің де жеке жауапкершілігі қарастырылған, тіпті қылмыстық жаза да қолданылуы мүмкін. Егер инженерлік қызмет тарапынан қандай да бір кемшілік жіберілген болса, олар аталған қызметті жүзеге асыру үшін берілген лицензиясынан айырылады. Сонымен қатар министр қазіргі уақытта Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Қазақстанда автомобиль жолдарын басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлап отырғандығын жеткізді. Оның атап өтуінше, онда еліміздің автомобиль жолдарының жағдайы туралы барлық ақпарат жинақталатын болады. Бұл жүйеге жолдардың жағдайын бағалайтын көпфункционалды зертханалардың мәліметтері мен жолдардағы ақаулар және бақылаудың автоматтандырылған жүйесіндегі қозғалыс қарқындылығы туралы мәліметтер топтастырылады. Нәтижесінде аталған жүйе жолдардың жағдайын бағалауға, жөндеу жұмыстарының түрлері мен маңыздылығын анықтауға, қажет бюджетті есептеуге мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдықтың артықшылығын автокөлік иелері де сезінеді. Олар жолдардың жағдайын онлайн-режимінде көре отырып, өздерінің жүру бағыттарын өзгертуге, алдын-ала жоспарлауға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы барысына тоқталған министр онда алғаш рет халықаралық сапа стандарты қолданылғандығын атап өткен. Биылғы жылы жұмыстың үштен екі бөлігін аяқтап, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің соңғы учаскелеріндегі (Алматы - Қорғас, Шымкент - Жамбыл облысының шекарасы, Тараз қаласын айналып өту) жұмыстар қолға алынған «Жақын уақытта «Ташкент - Шымкент» учаскесінде дайындық жұмыстары басталады. Жоспар бойынша ағымдағы жылы автомагистральдің 806 шақырым жолында көлік қозғалысын іске қосамыз. Бүгінгі күнге 710 шақырым жол салынды. Жылдың соңында жалпы алғанда 1721 шақырым жолда көлік қозғалысы іске қосылады»,- деді ол. Сондай-ақ министр соңғы уақытта республикада жоғары санаттағы жолдар көптеп салынып жатқандығын айта келе: «Бірақ, мұндай жақсы жолдар күтімді қажет етеді. 10 сантиметрлік жарықшақты уақытында жөндемесе, ылғал мен күннің көзі оны тез арада шұңқырға айналдырады. Мұндай жолдармен жүру өте жайлы, бірақ оларды күтіп ұстау да өте қымбатқа түседі. Біз биыл «Астана - Щучинск» жолын ақылы еттік. Бұл -Қазақстандағы алғашқы ақылы жол. Біздің мақсатымыз, осы жолды салуға жұмсаған қаражатты қайтару емес. Себебі бұл жол сіздер мен біздердің бюджетке төлеген салықтарымыздың есебінен тұрғызылды. Ал, ақылы жолдан жиналған қаражат сол жолды күтіп ұстауға жұмсалатын болады. Сондықтан жолмен жүру тарифін бекіткен кезде, жолды салуға жұмсалған қаражат есептелген жоқ және тариф көлемі өте төмен екенін айтып өту керек. Жеңіл автокөліктер үшін ақылы жолдың 1 шақырымы - 1 теңге, трассаның бойында орналасқан елді мекеннің тұрғындары үшін, депутаттардың ұсынысымен 1000 теңге көлемінде жылдық абонемент қарастырылған», - деді. Министрдің атап өтуінше, Қазақстандағы жолдардың бұзылуына ауыр жүк көліктері өз септігін тигізуде. Сондықтан да көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарының салмағын қозғалыс барысында өлшейтін электрондық таразылар орнату қолға алынған. Бүгінде 13 салмақ өлшеу таразысы орнатылып, көлік жүгізушілері көп шағымданған 9 көліктік бақылаудың стационарлық бекет жабылған. Ал электрондық таразылар қазан айынан бастап толығымен іске қосылады. Келесі жылы олардың саны 31-ге арттырылады. Жалпы министрлік алдағы уақытта мұндай таразылардың санын 80-ге жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ А.Жұмағалиев еліміздің көліктік инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында автожол желілерімен қатар, тасымал және қызмет көрсету инфрақұрылымдарын да дамыту көзделгендігін баса айта келе: «Атап айтсам, қалаларда 10 автовокзал, аудан орталықтарында 50 автобекет және елді мекендерде жолаушыларға арналған 216 пункт, республикалық маңызы бар автожолдардың бойында қызмет көрсетудің 260 нысаны салынатын болады. Сондай-ақ, қолданыстағы инфрақұрылымдар - автомобиль, теміржол және авиавокзалдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар», - дейді.