2024 жылы Қазақстан экономикасын не күтіп тұр – сарапшылардың жауабы
Жаһандық экономика әлі де баяу қалпына келіп жатыр. Базалық болжам бойынша жаһандық экономиканың күшеюі 2022 жылғы 3,5 пайыздан 2023 жылы 3,0 пайызға және 2024 жылы 2,9 пайызға дейін баяулайды деп күтілуде. Бұл көрсеткіш тарихи (2000–2019 жылдардағы ) орташа 3,8 пайыздан әлдеқайда төмен. Мұндай болжамды Халықаралық валюта қоры жасап отыр. Ал қазақстандық сарапшылар не дейді? Қай салаға басымдық беру керек? Халықаралық және отандық сарапшылардың Қазақстан экономикасына қатысты жасаған болжамын Kazinform тілшісінің материалынан оқи аласыз.
Халықаралық сарапшылардың болжамына сүйенсек, экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш (жаһандық экономика – ред.) 2022 жылы 2,6 пайыздан 2023 жылы 1,5 пайызға және 2024 жылы 1,4 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде, өйткені бұған саясатты қатаңдату әсер ете бастайды.
Дамушы нарықтар мен дамушы экономикалар 2022 жылғы 4,1 пайыздан 2023 және 2024 жылдары 4 пайызға дейін – өсудің баяулауын болжап отыр. Жаһандық инфляция 2022 жылғы 8,7 пайыздан 2023 жылы 6,9 пайызға және 2023 жылы 5,8 пайызға дейін тұрақты түрде төмендейді деген де болжам бар. Осы жылы ақша-несие саясатының қатаңдауына әлемдік шикізат бағасының төмендеуі ықпал етеді. Жалпы алғанда, базалық инфляция біртіндеп төмендейді деп болжануда және инфляцияның көпшілігі 2025 жылға дейін мақсатты деңгейге оралмайды деп күтілуде, – делінген Халықаралық валюта қорының ресми сайтында.

Ал қазақстандық сарапшылардың айтуынша, егер 2024 жылы геосаяси тәуекелдер барынша азайса, жаһандық макроэкономикалық жағдайлар жалпы алғанда оң дамуы мүмкін. Мамандардың болжамына сүйенсек, бұл Қазақстан экономикасына, оның ішінде ЖІӨ өсуі, инфляцияның төмендеуі және ұлттық валюта бағамының тұрақтылығы сияқты макрокөрсеткіштерге оң әсер етеді.
2023 жылы жалғасатын қатаң монетарлық конъюнктура, Украинадағы жағдай мен Таяу Шығыстағы қақтығыстың жағымсыз салдары және Қытай экономикасының әлсіз өсуінің салдарынан 2024 жылға арналған жаһандық экономиканың өсу болжамдары «төмендеді». Сонымен бірге, Халықаралық валюта қоры мен Ұлттық экономика министрлігінің 2023 жылдың соңындағы Қазақстан экономикасының өсімін бағалауы іс жүзінде сәйкес келеді (тиісінше 4,6% және 4,7%)... ХВҚ болжамы бойынша Теңіз кен орнын кеңейту жобасының кешігуі ЖІӨ-ге кері әсер етеді – өсу 2024-2028 жылдарға арналған PSED енгізілген 5,3% өсіммен салыстырғанда 4,2% болады, – дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының сарапшылары.

Ал, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, осы жылы доллар құлдыраса, яғни Федералдық резервтік жүйе (ФРЖ, Federal Reserve System) ставкасын төмендетуінен әлсіресе, Еуропалық орталық банкінің ынталандырушы саясатына байланысты еуро да әлсірейді. Ал мұндай жағдайда теңге долларға және еуроға қатысты аздап нығаяды.
Сондай-ақ, сарапшы егер үкімет бюджетті дұрыс басқарып, теңгеріп отырса, 2024 жыл тиімді болуы мүмкін екенін, сондықтан кез келген мәселені ақшамен емес, баспен шешуіміз керегін атап өтті.
Сол себепті долларға және еуроға қатысты нығая түскен теңге сәл тартымды болып, үкімет фискалдық саясатты бұрмаламаса, өсім 2023 жылға қарағанда сәл жақсы болуы әбден мүмкін. Сонда инвестиция үшін де біршама тартымды болады, – деп атап өтті Расул Рысмамбетов.
Инвестиция демекші, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының сарапшылары инфляция қысымының төмендеуі жаһандық орталық банктерге пайыздық мөлшерлемелерді көтеру циклін аяқтауға мүмкіндік береді деп отыр. Ал, бұл жаһандық стагфляция немесе рецессия ықтималдығын айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ, мамандар инвесторлардың тәуекелге деген көзқарастары жақсарғанын атап өтті.
Биыл азық-түлік пен металл бағасының салыстырмалы түрде тұрақтануын ескере отырып, әсіресе ОПЕК+ шараларының әсерінен және Таяу Шығыстағы қақтығыстардың күшеюі кезінде энергия бағасы 2024 жылы баға тұрақтылығының негізгі тәуекелі болуы мүмкін. Қор нарықтарына келетін болсақ, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелерден кейін долларлық құралдардың тартымдылығы артып келе жатқанына қарамастан, инвесторлардың тәуекелге деген «тәбеті» 2023 жылы жақсарды: қазынашылық кіріс пен доллар индексі өткен жылы өзінің тарихи шыңына жетті, – дейді мамандар.
Сонымен қатар, қаржыгер Расул Рысмамбетов 2024 жыл отандық инвестордың, қазақстандық инвестордың жылы болуы керек дегенді қосты. Оның сөзінше, себебі оффшордан келген «жалған» адамдардың небір «жалған» әрекеттеріне көзіміз жетті. Компаниялар өздерін шетелдік ретінде «өткізіп», таңғажайып жеңілдіктер алып келді. Енді бұл артықшылықтар өзіміздің инвесторларға берілсе, олар экономиканың өсуіне үлес қоса алады, дейді маман.
Бұл артықшылықтардың барлығы BVI (Ұлыбританияның Виргин аралдары) емес, Қазақстанда орналасқан отандық инвесторға берілуі керек. Осылайша жұмыс орындарын ашу маңызды. Бұл біздің өнеркәсіпті дамыту үшін өте қажет. Экономикалық өсу болжамы жақсы болуы мүмкін, бірақ бәрі де, әрине, жоспарлардың орындалуына байланысты болады, – деді қаржыгер.
Сарапшы «2024 жылғы экономикалық дамудың ең басты мақсаты – аздап «тыныш» режимге көшу, экономиканың өркендеуіне үкімет емес өңірлердегі әкімдіктер жауапты екенін ұғыну, ең бастысы – үкімет араласпауы қажет» деп отыр.
Менің ойымша, біз аймақтарға көңіл бөлуіміз керек, не істесек те, өңірлер істесін. Шамадан тыс орталықтандырылған жоспарсыз, мемлекет, үкімет, министрлер кабинеті өңірлерге бағыт бере отырып, максималды талап етуі керек. Әкімдер өз бетінше жолға шығуы тиіс, оларды орталықтан бақылауды қою керек. Өйткені, көбінесе, орталықтан жоспарлаудың шамадан тыс болуы өңірлік дамуға кедергі келтіреді, – дейді маман.
Бұл тұста экономикамызды жақсарту үшін қандай салаларға назар аудару керегі де маңызды. Расул Рысмамбетов бұл бағытта да асықпай, алғашқы тоқсанда бақылап көру керек деген пікір білдірді.
...Бірінші тоқсанда өңірлер қай бағытта даму үшін өздерін сенімді ұстай алады, соны көруі керек. Мысалы, қазіргі бірінші тоқсанды алсақ, аймақтар үшін коммуналдық инфрақұрылымды – жылу, электр және суды жаңарту маңызды. Осы саланы реттеу керек, – деді қаржыгер.
Ал, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының болжамына сүйенсек, 2024 жылы Қазақстан экономикасының негізгі драйверлері құрылыс (+8,0%), ақпарат және байланыс (+7,0%), сауда (+6,5%) және көлік (+5,6%) сияқты салалар болып қала бермек. Қаржыгерлер «мұнай өндіру 95,4 млн тоннаға дейін жаңа рекордтық мәнге артуы мүмкін» деп отыр.
Қорыта айтсақ, халықаралық мамандар осы жылы былтырға қарағанда әлемде және Қазақстанда экономиканың өсімі баяу жүреді десе, отандық сарапшылар оптимистик болжам жасады. Сондай-ақ, отандық қаржыгерлер тілге тиек еткен мұнайға қашанғы сеніп отыра береміз? Қанша рекорд жаңартып өндірсек те, оның сарқылатынын бәріміз білеміз.
Тағы қалай болғанда да халықаралық аренадағы жағдайдан сырт қала алмаймыз. Ал, дүние жүзіндегі ахуал реттелсе не мәселе азайса, ешбір ел, оның ішінде Қазақстан да ұтылмайтыны анық.