2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп салынады

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың соңына дейін елімізде 217 заманауи үлгідегі мектеп салынады.

Мектеп
Фото: Астана әкімдігі

Бұл туралы WALS 2024 халықаралық конференциясының ашылу рәсімінде Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты. 

«Қазіргі уақытта Қазақстандағы білім беру сапасын арттыру үшін бірқатар маңызды бастама іске асырылып келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қауіпсіз әрі тиімді оқу ортасын қамтамасыз ететін кемінде 217 заманауи үлгідегі мектеп салынады. 3 жыл ішінде 7000-ға жуық мемлекеттік мектептің 1300-і қайта жаңартылады. Жекеменшік мектептерге қолдау көрсетуге айтарлықтай ресурстар бөлінеді», - деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, білім беру сапасын жүйелі түрде арттыруға ерекше көңіл бөлінетіндігін баса айтты.

«Бүгінде Мақсатты мектептердің, яғни қосымша әдістемелік қолдау көрсетуді талап ететін мектептердің әлеуетін арттыру жөнінде біршама ауқымды жоба іске асырылып келеді. Оқу-ағарту министрлігі жүргізген талдауға сәйкес, бізде 2 000-ға жуық осындай мектеп бар. Қазір бұл мектептердің қызмет нәтижелерін жақсарту үшін әдістемелік қолдау жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр», - деді Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбымен өтіп жатөан WALS-2024 конференциясына 30-ға жық елден мамандар келген. Негізгі спикерлер қатарында әлемдік білім берудің ең беделді сарапшылары: Норвегиядан Ойстейн Кристиансен, Литвадан Дариус Радкевичюс, Ұлыбританиядан Сара Селезнев, Жапониядан Ширли Тан, Германиядан Клара Кагер бар. Жалпы, іс-шараға 850-ден астам адам қатысуда.

Соңғы жаңалықтар