2025 жылғы Дүниежүзілік ойындар Чэнду қаласында ресми түрде ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — 7 тамыз күні кешке Қытай Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Шэнь Ицинь Чэнду қаласындағы Тяньфу халықаралық конференция орталығында өткен салтанатты рәсімде 12-ші Дүниежүзілік ойындардың ресми ашылғанын жариялады, деп хабарлайды Синьхуа.

«Тяньфу шатырының» астында — ұзындығы 430 метр Азиядағы ең ірі ағаш құрылымдардың бірінде — 10 мыңға жуық көрермен Шэнь Ициньді ду қол шапалақпен қарсы алып, оның ойындардың ашық екенін жариялауын қошеметпен қабылдады. Шараға сондай-ақ Халықаралық Дүниежүзілік ойындар қауымдастығының (IWGA) президенті Хосе Перурена және Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитетінің мүшесі Ли Линвэй қатысты.

12-ші Дүниежүзілік ойындар 7–17 тамыз аралығында өтеді. Ұраны — «Шексіз спорт, шексіз ғажайыптар». Бұл — Қытайдың материктік бөлігінде өтетін алғашқы Дүниежүзілік ойындар. Бұған дейін, 2023 жылы Чэндуда FISU-дің 31-ші Жазғы Универсиадасы сәтті ұйымдастырылған болатын.

Тарихи алау эстафетасы
2025 жылғы ойындар шеңберіндегі ерекше оқиғалардың бірі — 26 шілдеде өткен алау эстафетасы болды. Ол Сычуань провинциясының мәдени «жүрегі» саналатын әйгілі Саньсиндуй археологиялық музейінің аумағында ұйымдастырылып, оған 120 алаушы қатысты.
Ойындар рекорд жаңартуда
Чэндудағы бұл ойындар тарихтағы ең ауқымды Дүниежүзілік ойындар ретінде тіркеліп отыр. 116 ел мен өңірден келген 6679 қатысушы, оның ішінде 3942 спортшы 34 спорт түрі бойынша 256 жарысқа қатысады.

Қытай бұл ойындарға тарихындағы ең үлкен делегацияны жіберді — 489 адам, оның 321-і спортшы. Қытай құрамасы 28 спорт түріндегі 152 санатта жарысқа қатысады. Бұған қоса, Қытай алғаш рет 12 жаңа спорт түрі бойынша дебют жасайды: олардың қатарында чирлидинг, фрисби және су-моторлы спорт бар. Сондай-ақ, параспортшылар алғаш рет ұлттық құраманың сапында өнер көрсетпек.

ХОК және IWGA басшыларының пікірлері
ХОК президенті Кирсти Ковентри бейнеүндеу арқылы жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді құттықтап, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
— Қытайлық ұйымдастырушыларға кәсібилігі, қонақжайлылығы, мінсіз ұйымдастыруы және әйгілі қытайлық тиімділігі үшін алғыс айтамын. Чэнду тұрғындары мен еріктілеріне шын жүректен рахмет, — деді ол.
IWGA президенті Хосе Перурена өз сөзінде Чэнду қаласының еңбегін ерекше атап өтті.

— Сіздердің көрегендіктеріңіз, тынымсыз еңбектеріңіз және Дүниежүзілік ойындардың құндылықтарына деген сенімдеріңіз үшін алғыс айтамын. Чэнду — сен жай ғана қожайын емессің, сен — осы ойындардың жүрегісің, — деді ол.
Айта кетейік, бұл Дүниежүзілік ойындар — Перурена мырзаның IWGA президенті ретіндегі соңғы ойындары.

— Спорт әлемінің орталығына айналған Чэндуда тұрып, қоштасу — мен үшін үлкен мәртебе, — деді ол.
Инфрақұрылым мен ұйымдастыру
Ұйымдастырушылар жаңа нысандар салудан бас тартып, 2023 жылғы Универсиададан кейін қалған инфрақұрылымды пайдаланды. Нәтижесінде:

-
18 спорт аренасы жаңартылды
-
9 уақытша спорт нысаны саябақтар мен көл жағалауларына орналастырылды
-
Жалпы алғанда, 27 спорт нысаны жарыстарға пайдаланылатын болады.
Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, ҚХР Спорт істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының жетекшісі Гао Чжидань бұл ойындарды қысқа, қауіпсіз және әсерлі өткізуді мақсат еткендерін айтады.

— Ашықтық, инклюзивтілік және ынтымақтастық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Дүниежүзілік ойындарды өткізу елдегі бұқаралық спортты дамытуға, спорт индустриясын жеделдетуге және көпшілікке спорттың игілігін жеткізуге серпін береді, — деді ол.
Бұған дейін Димаш Құдайберген Қытайдың Чэнду қаласында өткен жаңа жылдық концертте өнер көрсеткенін жазғанбыз.