2025 жылы әлемдік экономика қалай өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жыл әлемдік экономика үшін күрделі әрі шешуші кезеңге айналды. Жаһандық өсімнің баяулауы мен мемлекеттер арасындағы сауда шектеулерінің күшеюі елдер мен аймақтардың экономикалық дамуына айтарлықтай әсер етті. Қаржы нарықтарындағы тұрақсыздыққа қарамастан, жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған бұрын-соңды болмаған ауқымды инвестициялар экономикалық құрылымның дамуына негізгі серпін берді. Kazinform агенттігінің тілшісі жыл бойы әлемдік экономикалық ахуалға ықпал еткен басты үрдістер мен шешуші оқиғаларды саралап шықты.
Экономиканың осалдығы
Халықаралық валюта қоры 2025 жылғы әлемдік экономиканы «белгісіздік жағдайындағы әлсіз тұрақтылық» деп бағалады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы да ұқсас пікір білдіріп, қазіргі өсімді «тұрақты өсім байқалса да, оның осал тұстары күшейіп келе жатқан кезең» деп сипаттайды.
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, жыл соңына қарай жаһандық жалпы ішкі өнім 3,2%-ға өседі, бұл өткен жылғы 3,3%-дан сәл төмен. Елдер мен аймақтардағы өсім қарқыны әртүрлі: Қытайда – жалпы ішкі өнім 5%, АҚШ-та – 3%, Жапонияда – 2,3%, Еуропалық Одақта – 1,4%, Оңтүстік Кореяда – 0,9%. Ал Орталық Азия елдері үшін Азия даму банкі 5,8% өсім болады деп болжап отыр.
Әлемдік сауда көлемі тарихи рекордқа жақындап келеді. БҰҰ-ның Сауда және даму конференциясы сауда айналымының 7%-ға өсіп, жалпы көлемі 35 трлн доллардан асатынын болжайды.
Жаһандық инфляция біртіндеп төмендеуде. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2025 жылы орташа инфляция 4,2%-ға жетіп, 2024 жылғы 5,7%-бен салыстырғанда төмендейді. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы 8,7%-дан айтарлықтай төмен.

Дүниежүзілік банк жаһандық экономика өсуінің бәсеңдеуін негізінен сауда тосқауылдарының көбеюімен және экономикалық саясаттағы белгісіздіктің артуымен байланыстырады.
Дүниежүзілік нарықтағы Трамп дәуірінің тербелістері
2025 жыл дүниежүзілік қаржы нарықтары үшін сын кезеңі болды. Ақпан айында АҚШ импорт баждарын көтеру туралы шешім қабылдады, бұл шешім бірнеше апта ішінде бүкіл әлемдік нарыққа тез әсер етіп, акциялардың құлдырауына және нарықтан триллиондаған доллардың жоғалуына әкелді.
Ақпаннан сәуірге дейін америкалық S&P 500 индексі 21,6%-ға, еуропалық EURO STOXX 50 20%-ға, ал жапондық NIKKEI 225 шамамен 23%-ға төмендеді. Қор нарығындағы «көңіл-күй» тура бұрынғы жаһандық дағдарыстардың алғашқы айларындағы жағдайға ұқсас еді.
Жылдың екінші жартысында АҚШ пен бірнеше серіктесі арасындағы сауда келісімдері жағдайды біртіндеп тұрақтандырды. Нәтижесінде нарықтағы құбылмалылық төмендеп, шиеленіс азайды, тіпті оптимизм орнықты. Нәтижесінде S&P 500 индексі шамамен 11%-ға, EURO STOXX 50 4,3%-ға өсті, ал NIKKEI 225 ең жоғары өсім көрсетіп, 28%-ға жуық артты.
Криптовалюта нарығы да өз алдына күрт құлдырау мен өсу циклін бастан кешірді. Жылдың алғашқы төрт айында биткоин бағасы $98 мыңнан $75 мыңға дейін құлдырады. Күзде ең ірі криптовалюта тарихи максимумға жетіп, $126 мыңға көтерілді, бірақ жылдың соңында қайтадан $90 мың шамасына түсті. Бұл көрсеткіш криптовалюта нарығының инвестор көңіл-күйіне өте сезімтал екенін дәлелдейді.

Мұнай нарығы жыл бойы жаһандық экономиканың бәсеңдеуі қаупі мен сұраныс қайтадан қалпына келеді деген үміт арасында тепе-теңдікті сақтады. Brent мұнайы $75-тен $60-қа дейін төмендеп, жаһандық экономикалық өсімге қатысты сақтықты көрсетті.
Қорғаныс активтері нарықтың назарында болды. Алтын фьючерстері $2636-дан $4400-ға, ал күміс бағасы $30-дан $60-қа дейін өсті. Бұл өсім экономикалық және геосаяси белгісіздік жағдайында капиталды сақтап қалуға бағыталған құралдарға сұраныс қаншалықты жоғары екенін айқын дәлелдейді.
Жасанды интеллект серпілісі немесе «Скайнет» таяп қалды
Белгілі америкалық Time журналы желтоқсан айындағы соңғы санында «Жасанды интеллект архитекторларын» 2025 жылдың тұлғалары ретінде атады. Бұл таңдау өткен жылдың ең маңызды өзгерістерінің айқын белгісі болды және жасанды интеллектінің тек технологиялық жаңалық емес, әлемдік экономиканы түбегейлі өзгерте алатын күшке айналғанын көрсетеді.

2025 жылы ЖИ толыққанды даму инфрақұрылымына айналды. Сарапшылардың бағалауынша, әлем бойынша жасанды интеллектіге шамамен 1,5 триллион доллар жұмсалған, оның едәуір бөлігі есептеу қуатын арттыру мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Бұл өз кезегінде жартылай өткізгіштер нарығының рекордтық өсуіне ықпал етті. Мысалы, графикалық процессорлар өндіретін Nvidia компаниясы 2025 жылғы күзде нарықтық капитализациясы 5 триллион долларға жеткен әлем тарихындағы алғашқы компания атанды.
Қаржы нарықтары бұл құрылымдық өзгерістерге дереу үн қатты. CNBC мәліметінше, S&P 500 индексі алғаш рет жасанды интеллектімен байланысты компаниялардың төңірегінде айрықша шоғырланып отыр. Қазіргі уақытта Nvidia, Microsoft, Apple, Alphabet және Amazon сынды бес ірі технологиялық корпорация индекстің жалпы нарықтық капитализациясының шамамен 30%-ын қалыптастырып отыр. Бұл көрсеткіш жасанды интеллектінің әлемдік экономикадағы рөлінің күшейіп, қаржы нарықтарының дамуына бағыт-бағдар беретін негізгі факторлардың біріне айналғанын айқын аңғартады.

Қазіргі өзгерістерді фантастикалық фильмдердің сюжетімен салыстыру бұрынғыдай әсірелеу болып көрінбейді. Есте болса, әйгілі «Терминатор» фильмінде «Скайнет» атты жасанды интеллект 2029 жылы адамзатқа қауіп төндіреді деп сипатталады. Осы уақытқа дейін санаулы жыл ғана қалды. Әрине, шынайы өмір кино сценарийлерінен алыс. Алайда 2025 жыл нақты бір нәрсені көрсетті: жасанды интеллект енді болашақтың еншісіндегі дүние емес, қазіргі экономиканың дамуын айқындайтын маңызды факторға айналды.
Сарапшылар не дейді?
Технологиялық және қаржылық өзгерістердің қарқыны артқан сайын, ірі инвесторлар мен халықаралық ұйымдар әлемдік экономиканың болашағына қатысты алаңдаушылықтарын жиі білдіре бастады. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл жағдай жаһандық экономиканың салыстырмалы түрде тұрақтылық кезеңі аяқталып келе жатқанын көрсетеді.
Белгілі америкалық қаржыгер Рэй Далио алдағы бір-екі жылда әлемдік экономика тұрақсыздықтың жаңа кезеңіне өтуі мүмкін екенін ескертеді. Оның айтуынша, мұндай ахуал бірнеше қаржылық және құрылымдық тәуекелдің қатар күшеюінен туындап отыр. Атап айтқанда, жеке капитал нарығының шамадан тыс қызуы, венчурлық инвестициялардағы қаржылық «көпіршіктер», қарыз жүктемесінің өсуі және қарыздарды қайта қаржыландырудың қиындауы негізгі қауіптердің қатарында.

– Жүйелік ақаулардың белгілері күн өткен сайын айқынырақ көрініс беруде. Қазіргі жағдай 2000 жылдардың басындағы дотком дағдарысына ұқсап барады. Бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша нарықты қаржылық көпіршік күйінде бағалауға болады, – дейді Рэй Далио.
2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысын дәл болжап, әлемге танылған инвестор Майкл Бьюрри де осы көзқарасты қолдайды. Оның пікірінше, деректер орталықтарының жаппай салынуы және нақты сұраныс қалыптаспай тұрып миллиардтаған долларлық инвестициялық міндеттемелердің алынуы экономикаға қосымша қысым түсіруде.
Дүниежүзілік банк сарапшылары әлемдік экономиканың өсімі әлі де осал күйінде қалып отырғанын атап көрсетеді. Инвесторлардың тәуекелге деген көзқарасы өзгеріп, қаржылық шарттар қатаңдай түскен жағдайда валюта бағамдары мен капитал ағындарының тұрақсыздығы арта түсуі мүмкін. Сонымен қатар, геосаяси шиеленістердің ушығуы жаһандық сенімге нұқсан келтіріп, халықаралық сауданың баяулауына алып келуі ықтимал.