2025 жылы Қазақстан әуежайлары 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті
АСТАНА. KAZINFORM – 1 ақпанда Қазақстанда Азаматтық авиация қызметкерлері күні және Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік қызметі күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай ҚР Көлік министрлігі ғимаратында салтанатты жиын өтті.
Іс-шара барысында азаматтық авиацияның дамуына елеулі үлес қосқан сала қызметкерлері мен ардагерлеріне Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев «Еңбек ардагері», «Құрметті авиатор» төсбелгілерін, сондай-ақ алғыс хаттар табыстады.
Министр құттықтау сөзінде саланың негізгі жетістіктеріне тоқталды.
«2025 жылғы 3 желтоқсанда Мемлекет басшысы азаматтық авиация мәселелеріне толықтай арналған, соңғы отыз жыл ішіндегі жоғары деңгейдегі алғашқы кеңес өткізді. Бұл мемлекет тарапынан салаға айрықша назар аударылып отырғанын және оның стратегиялық маңызға ие екенін көрсетеді. Былтыр еліміздегі әуежайлар 31,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті, 173,28 мың тонна жүк өңделді, әуе компаниялары 15,4 млн жолаушы тасымалдады. Халықаралық әуе қатынасы бойынша 30 елмен 135 бағытта аптасына 626 рейс орындалады. Осы көрсеткіштердің артында күн сайын бүкіл жүйенің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп отырған 25 мыңнан астам кәсіби маманның еңбегі тұр. Бұл – сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесі», – деп атап өтті Нұрлан Сауранбаев.
Сонымен қатар министр Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жүргізген қауіпсіздік аудитінің қорытындыларына тоқталып, Қазақстанның ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7 пайызды құрағанын айтты. Бұл көрсеткіш ТМД елдері арасында ғана емес, ИКАО-ның Еуропа және Солтүстік Атлантика (EUR/NAT) өңірінде де ең жоғары нәтижелердің бірі болып саналады.
Министрдің айтуынша, жолаушылар тасымалы мен жүк айналымы бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап отыр, ал ұшу қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша ТМД елдері арасында 82 пайыздық деңгеймен алдыңғы орында. 2025 жылдың шілдесінде ИКАО Кеңесінің президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен келді.
2026 жылы Қазақстанда көлік апаттары мен оқиғаларын тергеу орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл ұшу жазғыштарын тәуелсіз талдауға, түрлі тексерулер жүргізуге және микроэлектроника зерттеулеріне, соның ішінде оларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Биыл қазақстандық әуе компаниялары 9 жаңа әуе кемесін сатып алуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде елдің әуе флоты 118 ұшаққа дейін ұлғаяды. Маршруттық желіні кеңейту аясында Вена, Абу-Даби, Эр-Рияд, Сиань, Шанхай, Дели, Рим және өзге де бағыттар бойынша әуе қатынасын ашу және дамыту көзделген.
Халықаралық әуе хабтарын дамыту мақсатында авиаотын құнын төмендету бойынша жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда авиаотын бағасы бір тоннасына 1000 АҚШ долларынан төмен деңгейде қалыптасқан.
Сондай-ақ биыл бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған. Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын қайта жаңғырту, Атырау әуежайының жаңа терминалының құрылысын бастау, Ақтау әуежайының перронын күрделі жөндеу және Павлодар әуежайының аэродромын реконструкциялау көзделген. Астана және Шымкент қалалары әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарының құрылысы басталмақ. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтау және Ақтөбе әуежайларындағы еркін экономикалық аймақтарды дамыту жұмыстары жалғасады.
Бұдан бөлек, Катон-Қарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысын аяқтау, сондай-ақ Арқалық қаласының әуежайын қалпына келтіру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Алматыда Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ашылды.