2025 жылы Тәжікстанда орташа жалақы 366 доллар шамасында болды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қорытындысы бойынша Тәжікстанда орташа айлық жалақы 3483,04 сомониді (шамамен 366 АҚШ доллары) құрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.
Тәжікстан Республикасының статистика агенттігінің мәліметінше, 2025 жылғы желтоқсанда есептелген орташа номиналды жалақы 3483,04 сомониды құрап, 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 17,7%-ға артқан. Ал ең төменгі жалақы деңгейі 1000 сомони болып сақталған.
Салалар бойынша ең жоғары жалақы қаржы және сақтандыру қызметкерлерінде – 9425,83 сомони. Одан кейін ақпарат және байланыс саласы – 7306,33 сомони, энергетика – 6021,88 сомони, тау-кен өндірісі – 5913,14 сомони және құрылыс саласы – 4597,83 сомони көрсеткішке ие.
Ең төменгі жалақы ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы салаларында тіркелген – 1708,81 сомони.
Өңірлер бойынша ең жоғары жалақы Душанбеде болса, ең төменгі көрсеткіш Хатлон облысы мен Таулы-Бадахшан автономиялық облысында байқалады.
Бұған дейін Тәжікстан халқы соңғы 10 жылда 26%-ға өсіп, 10,7 миллион адамға жеткені хабарланған.