2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп аталады — Мемлекет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп аталады. Бұл туралы Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— 2026 жылы Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басады. Еліміздің жарқын келешегі үшін алдағы конституциялық реформаның мән-маңызы зор. Азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенемін.
Біз энергетикалық әлеуетімізді нығайтып, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы мәселелерін шешіп, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамыта береміз, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің атап өтуінше, шағын және орта бизнес әрдайым мемлекеттің назарында болады. Барлық өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, жолдар жөнделеді, сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандары бой көтереді.
— Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы аясында әр баланың есепшотына үшінші жыл қатарынан қаражат түсетінін атап өтті.
— Өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – басты міндетіміз. Менің бастамаммен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында осымен үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат түседі. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай береді. Біз білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға әрдайым айрықша назар аударамыз, — деді Президент.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтағанын хабарлаған едік.