2026 жылдан банктер ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруге тартылады

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдан қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыруға екінші деңгейлі банктер тартылады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.

2026 жылдан банктер ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруге тартылады
Коллаж: Kazinform/Gov.kz/Freepik

— Аграрларды қолдау мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыру үшін қаржы институттарын тікелей субсидиялау механизмі іске қосылды. Бұл механизм аясында қаржы институттары коммерциялық қаражат тарту кезеңінде сыйақы мөлшерлемесін төмендетеді. Ал агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне несие жылдық 5 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен беріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы институттарына осы айырманы тікелей субсидиялайды. Бұл субсидиялау процесін бюрократиясыздандырып, мыңдаған фермер мен 20 аудандық басқарманың қатысу қажеттілігін болдырмайды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, — деп атап өтеді министрліктен агенттік сауалына орай.

Ведомство мәліметінше, осы мақсатқа республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге субсидия қарастырылған. Мәселен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін 44,3 млрд теңгеден астам жеңілдетілген несие беріледі.

— Ал 2026 жылдан бастап, бюджеттен қаражат бөлінуіне қарай бұл процеске екінші деңгейлі банктер де тартылатын болады. Сонымен қатар бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бордақылау алаңдарының айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеуге арналған қаражат тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл қаражаттар түпкілікті қарыз алушыларға жылдық 5 пайыз сыйақы мөлшерлемесімен қолжетімді болады. Мал шаруашылығы бағытындағы қожалықтардың несиелік қолжетімділігін арттыру мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы кепілдендіру механизмі іске асырылады. Осылайша, кепіл мүлкі жеткіліксіз фермерлерге несиелер бойынша кепілдік беру көзделуде, — деді министрліктен.

Айта кетейік, 2024 жылдың қарашасында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандыруды тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар