2026 жылдан бастап шетелдіктерді жұмысқа тарту ережелері жаңартылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда маусымдық шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған кәсіптер тізімі кеңейтіледі, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

дробление бизнеса
Фото: Freepik

Еңбекмині нормативтік құқықтық актілерге маусымдық шетелдік жұмыскерлердің еңбек қызметін жүзеге асыру үшін кәсіптердің тізбесін кеңейту және оларды тарту кезінде салық жинауды қайта қарау мәселелері бойынша түзетулер әзірледі.

— Бұл түзетулер кәсіптердің кең спектріне маусымдық шетелдік жұмысшыларды тартуға, заңды тұлғаларда жұмыс істейтін еңбек иммигранттарын көлеңкелі сектордан шығаруға, көші-қон заңнамасындағы бұзушылықтарды азайтуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап маусымдық шетелдік жұмысшылардың еңбек қызметін жүзеге асыруға арналған кәсіптер тізбесіне келесі кәсіптерді енгізу ұсынылады: құрылыс саласындағы біліктілігі жоқ жұмысшылар — әртүрлі жұмысты атқаратын адамдар; абаттандыру секторындағы біліктілігі жоқ жұмысшылар; қызмет көрсету саласындағы біліктілігі жоқ жұмысшылар, — делінген ведомство хабарламасында.

Бұл ретте маусымдық шетелдік жұмыс күшін тартатын жұмыс берушілер үшін салық ставкаларын мынадай мөлшерде белгілеу ұсынылады:

  • күнтізбелік 90 күнге дейін — 30 айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі — АЕК);
  • 180 күнтізбелік күнге дейін — 60 АЕК;
  • 270 күнтізбелік күнге дейін — 90 АЕК;
  • 365 күнтізбелік күнге дейін — 120 АЕК.

Түзетулер жобасы туралы ақпарат «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Бұдан бұрын шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы жыл сайын қысқартылатыны анықталды.

Соңғы жаңалықтар